Білім

Елдегі 30 колледж корпоративтік басқару жүйесіне көшіп жатыр

Жұмысшы мамандықтар жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының тиімділігін арттыруға бағытталған реформа аясында алғашқы 30 колледж корпоративтік басқару жүйесіне көшуде. Бұл туралы Орталық коммуниялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жаңа тәсіл оқу орындарының басқару моделін жетілдіріп, ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар колледждердің қаржылық дербестігін кеңейту бағытында да маңызды шаралар қолға алынуда. Жан басына шаққандағы қаржыландырудың дифференциалды әдістемесі енгізілді.

Осы ретте айта кету керек, 2025-2026 оқу жылында колледждерге бөлінетін жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі орташа есеппен 437 мың теңгеден 912 мың теңгеге дейін артты.

«Колледждер лигаларға бөлінеді; әр санатқа басқару, ынталандыру және қолдау бойынша дифференциалды тәсілдер қолданылады. Айқындықты қамтамасыз ету үшін бағалау арнайы Ақпараттық жүйеде жүргізіледі: деректер автоматты жиналып, есептеліп, лигалар қорытынды балға сай жасақталады», - дейді Ә.Мұханбетов.

Сонымен қатар реформа аясында кадрлық әлеуетті арттыру да негізгі басымдықтардың біріне айналды. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша 50 колледж директоры оқытылып, жаңа буын басшыларының пулы қалыптастырылды.

Педагогтер үшін өндірістік практика мен тәлімгерлік жүйесі енгізілуде. Биыл 5 770 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Бұл шаралар колледждерде тәжірибеге бағытталған оқытуды дамытуға, заманауи экономиканың сұранысына сай жаңа буын кадрларды даярлауға жол ашады.