ҰБТ халықаралық стандарттарға сай өзгереді: министрлік түсініктеме берді
Әлеуметтік желіде қазақстандықтар ҰБТ реформасына қатысты алаңдаушылық білдіріп жатыр. Алаңдаушылыққа Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің елімізге халықаралық деңгейдегі тестологтар келіп, ҰБТ-ға реформа жасайтыны туралы мәлімдемесі себеп болған. Оқырмандар өзгерісті жаңа оқу жылынан бастау дұрысырақ болатынын айтып жатыр. Осы ретте министрлік өкілі түсініктеме берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кеше Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҰБТ форматын өзгерту реформасын жасау үшін әлемдік деңгейдегі тестологтар Қазақстанға келетінін айтқан болатын.
"Біздің ұлттық бірыңғай тестілеудің сапасын күрт өзгерту мен мазмұнын толыққанды қарастыру шаралары осы ең ірі, ең атақты тестология орталығымен бірге атқарылады. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылады. ETS-тің ең мықты мамандарын тарта отырып, ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұны мен әдістемесі қайта қаралады", - дейді министр Нұрбек.
Әлеуметтік желіде қазақстандықтар ҰБТ реформасына қатысты алаңдаушылық білдіріп жатыр. Оқырмандар өзгерісті жаңа оқу жылынан бастау дұрысырақ болатынын айтып жатыр. Министр бір сөзінде ҰБТ өз миссиясын орындап, нағыз білімді талапкерлерге жол ашты және жемқорлыққа тосқауыл болды деген болатын. Енді алдағы жаңашылдық қашаннан басталатыны көпшілікті мазалайтын сұрақ болып отыр. Осы ретте министрлік өкілі алаңдауға негіз жоқ екенін, 2026 жылғы түлектер ҰБТ сынағын тапсыратынын мәлімдеді.
"ҰБТ-ны жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. 2026 жылы оның форматына ешқандай өзгерістер енгізу жоспарланбаған. Бұл оқушылар мен ата-аналарға алдын ала ақпарат беріп, емтиханға дайындықты тұрақты форматта жүргізуге мүмкіндік беру үшін жасалып отыр", - деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми өкілі Олжас Беркінбаев.