Биыл колледждерде 150 мыңнан астам студент тегін оқиды
Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биыл колледждерге мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 150 мың студент қабылдау жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бұл жұмысшы мамандықты таңдаған мектеп түлектерін сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 пайыз тегін оқытумен қамтуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік тапсырыстың 70 пайызы техникалық салада кадрлар даярлауға бағытталатын болады»,- деді министр.
Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылында жасанды интеллект технологиясын енгізу басталатынын атап өтті.
«2022 жылдан бастап кәсіпорындардың өтінімдері бойынша, жұмысқа орналастыру міндеттемесімен мақсатты мемлекеттік тапсырыс арқылы оқитын студенттер саны үш есеге артып, 30 мың адамға жетті. Жаңа оқу жылында бұл көрсеткішті 45 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жаңа оқу жылында мектептермен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру деңгейінде де оқу процесінде жасанды интеллект технологиясын енгізу басталады»,- деді ол.