Биыл елде 341 мың бала 1-сыныпқа қабылданады – Ғани Бейсембаев
Қазіргі таңда елімізде 8 мыңан аса мектепте 4,1 миллион оқушы білім алып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Биыл 341 мың бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданады. Он бірінші – бітіруші сыныпқа 232 мың оқушы өтті. Жаңа оқу жылының ерекшелігі – орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізіледі. Ол үшін «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект интеграцияланды, этикалық стандарттары бекітілді. 1-11-сынып оқушыларына арналған Дэй-оф-эй-ай («Day of Al») онлайн курстары және педагогтерге арналған курстар әзірленді», - деді министр,
Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Келешек мектептері» моделін басқару жүйесі іске қосылады. Осы мақсатта «Келешек мектептерін» басқарудың және аккредиттеудің стандарттары әзірленді, онда үш деңгейлі курстардан өткен 3 мыңнан астам педагог жаңа оқу жылында жаңаша жұмыс бастайды.
«Мектеп құрылысы жұмыстарына тоқталсақ, қазіргі таңда 267 мың орынға арналған 232 мектеп салынуда. 1 қыркүйекте 115 мың оқушыға арналған 83 жаңа мектеп ашылады. Жыл соңына дейін 140 мың орынға арналған 111 мектептің құрылысы аяқталады», - деді Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ биыл 190 мың оқушы оқитын 245 мектепті жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, оның 145-і – ауыл, 100-і – қала мектебі.