Білім

Білім беру нысандарының оқу жылына дайындығы тексеріліп жатыр

2025 жылы 26 441 орындық (бір ауысымда) 23 мектеп салу жоспарланып отыр, деп хабарлады Elorda.info.

Бұл туралы бүгін Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде «Жаңа оқу жылына дайындық барысы» тақырыбында өткен брифингте қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев айтты.

«Барлығы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша  90 мың орындық 24 мектеп салынады, оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл (6 мектеп) және Нұра (9 мектеп) аудандарында орналасады. Қазіргі уақытта білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығы тексерілуде, бұл жұмыстарды ағымдағы жылдың 10 тамызына дейін аяқтау жоспарлануда. Жаңа оқу жылында 1,3  млн дана оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алынады» - деді спикер.

20 тамызға дейін қаладағы барлық оқушылар оқулықтармен қамтамасыз етіледі.

«8 Жайлы мектепке мұғалімдерге қажеттілік 792 адамды, техникалық қызметкерлерге 387 адамды құрайды. Жайлы мектептердің міндетін атқарушылар тағайындалды, оның ішінде 5 директорлар қатарынан,  4 республикалық кадр резервінен. Байқау бойынша 15 тамызға дейін 699 мұғалім қабылданса, 93 мұғалім ауысу арқылы қабылданады (мұғалімдерді қабылдау туралы барлық хабарландырулар enbek.kz порталында және әлеуметтік желілерде орналастырылған)» - деді Серік Әділбаев.