Білім

Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражатына тағы 15 жаңа мектеп ашылды

Елімізде Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 19 мыңға жуық оқушы орнына арналған 15 жаңа мектеп ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Қор Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылып, сыбайлас жемқорлардан кері қайтарылған қаражат есебінен толықтырылады. Ол үш ауысымды, апатты мектептер мәселесін шешуге және жалпы қосалқы құрылыс нысандарын салу мен мектептерді реконструкциялау арқылы оқушы орнының тапшылығын жоюға бағытталған.

Инфрақұрылымды дамыту департаментінің мәліметінше, мемлекет тарапынан балалардың білім алуына жайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Қор құрылған сәттен бастап еліміздің бірқатар өңірлерінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 76,7 мың оқушы орнына арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Бүгінгі таңда 63,2 мың оқушыға арналған 52 мектеп қолданысқа берілді.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басында Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен тағы 20 жаңа мектеп салынатыны белгілі болды. Бұл мектептер 2025 жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен барлығы 92 мың орындық 82 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Бұл шаралар еліміздің білім беру жүйесін ұзақ мерзімді дамытуға және жаңғыртуға бағытталған.