Баланың мектепке тез бейімделуі ата-ананың қолдауына байланысты – психолог
Бірер күннен кейін алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталмақ. Ал балаңыз мектепке дайын ба? Психолог Шынар Төкенова ата-аналар баланың мектеп формасы, оқу құралдарын ғана түгендеп қоймай, психологиялық және эмоционалдық тұрғыдан да дайын болуын қамтамасыз етуі керек деп есептейді. Маман бұл туралы ойын Elordainfo.kz тілшісімен шағын сұхбатында әрі қарай тарқатты.
- Шынар Қадимқызы, оқушыны, әсіресе 1-сыныпқа баратын баланы мектепке дайындаудың маңыздылығы неде?
Өйткені бұл кезеңде бала тек академиялық білімді меңгеріп қана қоймайды, сонымен қатар жаңа әлеуметтік ортаға бейімделеді. Мұндай маңызды өзгерістер бала үшін кейбір психологиялық қиындықтар туындатуы мүмкін. Баланың алғашқы мектептегі тәжірибесі оның оқуға деген көзқарасына, эмоционалдық жағдайына және болашақта жетістікке жетуіне әсер етуі мүмкін. Мектепке алдын ала дайындық баланың мектепке деген қорқынышын азайтып, оның оқу мен жаңа ортаға бейімделуін жеңілдетеді. Бұрын мұндай дайындыққа аз көңіл бөлінетін болса, бүгінгі күні бұл өте маңызды фактор ретінде қарастырылып отыр.
- Мектеп табалдырығын алғаш аттайтын балалардың қандай да бір ішкі қорқынышы болуы мүмкін бе?
1-сыныпқа баратын балалар, алдымен, белгісіздікпен бетпе-бет келеді. Жаңа орта, жаңа мұғалімдер, жаңа ережелер – ол үшін үйреншікті жайттар емес. Мұндайда кейбір бала осы ішкі сезімін айта алмай, іштей тұйықталу себебінен жылау, сабаққа бармай қалу, сенімсіздік, бұрынғы көрген қоғамдық орындарға ұқсамайтын мекеменің шарттарымен келіспеуі мүмкін.
Бұдан соң әлеуметтік қорқыныш деген болады. Балалар арасында өз орнын табу және жаңа достар табу қиындық туындатуы мүмкін.
Ал қорқынышы болған кезде бала оқу барысында сәтсіздікке ұшыраймын деп қорқуы мүмкін, өйткені оған қойылатын талаптар жаңа, әрі белгісіз.
- Ал мұндай жағдайда не істеу керек? Баланың бойындағы стресті қалай жеңілдетуге болады?
Алдымен, белгісіздіктен құтылу үшін күні бұрын таныстыру жұмыстарын қолға алу керек. Алғашқы қоңырау шарасын күтпей-ақ мектеппен, мұғаліммен және сыныппен алдын ала танысу баланың қорқынышын азайтуға көмектеседі. Жаңа оқу жылы басталмас бұрын мектеп ауласында серуендеп, болашақ сынып бөлмесін көріп шығу оның жаңа ортаға бейімделуіне көмектеседі. Үйде үлкендермен я өзге бауырларымен мектепке байланысты ойындарды ойнату да оның қорқынышын азайтады және ертеңгі күні өзін сенімді ұстауға көмектеседі.
Онымен жаңа достар табу туралы сөйлесіңіз. Басқа балалармен қалай қарым-қатынас жасайтынын бақылаңыз және қажет болса бағыттаңыз. Бұл оның жаңа ортаға бейімделу кезеңінен жеңіл өтуге жәрдемдеседі.
Одан кейін баланың күн тәртібін реттеп, жаңа режимге үйренуге уақыт беріңіз. Ұйқы тәртібі мен тамақтану тәртібін реттеу баланың физикалық жағдайына оң әсерін тигізеді. Ол үшін дайындықты 1-2 ай бұрын бастаған абзал.
Бұл кезде оған ата-ананың жан-жақты қолдауы керек екені анық. Оған сәтсіздіктен қорықпау керектігін түсіндіру маңызды. Қателіктер үйрену процесінің бір бөлігі екенін айтыңыз. Өзіңіздің басыңыздан өткерген оқиғалар болса да айтып беруге болады.
Мектепке баратын бала үшін эмоционалды қолдаудың да өте маңызды екенін ұмытпаңыз. Ата-аналар үнемі ұл-қызының сезімдері туралы сөйлесіп, психологиялық қолдау көрсетіп отыруға ерінбеуі керек. Мектептен келген кезде «Мектепте не болды?», «Апай не деді?», «Асханадан қандай тамақ жедің?» деген сұраулар баланың өзі басынан өткізген сезімдер мен эмоцияларды айтуына көмектеседі. Бала – өзінің сезімдерін құрметтейтін адаммен ғана эмоционалды байланыс орната алады.
- Ал оқушының оқуға деген қызығушылығын қалай арттыруға болады?
Оқуды ойынға айналдыру керек. Оқу материалдарын ойындар арқылы ұсыну балаға қызықты әрі оңай қабылданады. Жетістіктерін үнемі ескеріп, мадақтап отыруды әдетке айналдырыңыз. Балаға жеткен жетістіктері үшін мақтау сөздер айту оның оқуға деген қызығушылығын арттырады. Бірақ тым асыра мақтау кері әсер етеді, сондықтан нәтижені ғана айтып, өзіңіз де қуанышыңызды жасырмаңыз. Әрі баланы үнемі оқып үйренуге дағдыландыру қажет. Үйде оқуға арналған қызықты кітаптар мен материалдарды ұсыну оның өз бетімен оқуға ынталандыруы мүмкін.
- Түйіндей келе, баланың мектепке дайындалуында маңызды рөл атқаратын ата-ана дейсіз ғой...
Бала мектепке баруды біртіндеп үйренеді және оның сәтті бейімделуі көбінесе ата-ананың қолдауына байланысты. Болашаққа бағдар беру, жоспарлау, яғни білімнің нәтижесі арқылы жететін жетістіктерді айту – білімге қызығушылығын арттырады және сабырлы, ерік-жігерін шыңдап, шыдамды болуға тәрбиелейді. Баланың әңгімесін бөлмей тыңдап, өз ұсыныстарын өзара келісім ретінде айту және өз еліне қызмет ететін ұрпағы үшін ата-ана қашанда өзін бақытты сезінетінін айту жақсы нәтижесін береді.
- Сұхбатыңызға рақмет!