Қазақстандық оқушылар Панамада робототехника олимпиадасында әлем чемпионы атанды

Бүгін, 13:06
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views95
Қазақстандық оқушылар Панамада робототехника олимпиадасында әлем чемпионы атанды
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан оқушыларының робототехникадан Ұлттық құрамасы Панама-Ситиде өткен FIRST Global Challenge (FGC) 2025 Бүкіләлемдік Олимпиадасында биыл қатарынан төртінші жыл айрықша жеңіске жетіп, тағы да тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, әлемнің 190 елінен келген командалардың ішінен қазақстандық оқушылар бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар олар бірден екі жоғары марапатты жеңіп алды. Ол роботтардың біліктілік ойындарында рекорд орнатқан абсолютті чемпиондарға берілетін турнирдің бас жүлдесі – GRAND CHALLENGE AWARD (алтын). 

Ал ALBERT EINSTEIN AWARD (алтын) – Үздік инженерлік әзірлемелері, техникалық шеберліктері мен командалық жұмыс және көшбасшылық жетістіктері үшін берілетін жоғары төрешілік марапат. Бұл марапатта кешенді артықшылық пен инновация ескеріледі.

Еліміздің құрамасын NIS Алматы-Медеу мектебінің 9-10 сынып оқушылары Рашат Досымжан, Дәулет Ілияс, Орынбасаров Әлихан, Әсетұлы Мадияр және Тұрсынбаев Нұрасыл таныстырды. Жаттықтырушылары – Нұрдәулет Досмағамбет, Асылбек Мұрзахметов және Дулат Байтүленов.

Бүкіләлемдік чемпионатта қатарынан төрт рет жеңіске жету (Женева-2022, Сингапур-2023, Грекия-2024, Панама-2025) Қазақстанды халықаралық STEM-білім беру аренасындағы абсолютті әлемдік көшбасшыға айналдырады.

«Біздің балаларымыз төртінші рет қатарынан жеңіске жетті. Бұл ретте команданың құрамы бірде-бір рет қайталанбағанын атап өткен жөн. Жыл сайын ел намысын қорғау үшін жаңа қатысушыларды дайындаймыз», – деді USTEM Foundation Қоғамдық қорының жетекшісі Асылбек Мырзахметов.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы жарыстың «Eco-Equilibrium» тақырыбы жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге және биоәртүрлілікті сақтауға арналған болатын. Қазақстандық команда роботты әзірлеу арқылы экожүйелерді қалпына келтіруге ерекше көзқарас танытты. Олардың роботы ойын алаңындағы кедергілерді алып тастап, биоәртүрлілік бірліктерін экожүйелерге дәл орналастыратын күрделі финалдық тапсырманы сәтті орындап шықты.

Ұлттық құраманы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» РҒПО, «USTEM Foundation» ҚҚ, Alem.AI Халықаралық жасанды интеллект орталығы, сондай-ақ қазақстандық Cannect.AI стартапы қолдағанын атап өткен жөн.

Бұған дейін FIRST GLOBAL әлемдік робототехника олимпиадасына қазақстандық оқушылардың қатысып жатқанын жазған болатынбыз.