Қазақстандық оқушылар гуманоидты роботтарға арналған қауіпсіздік стандартын әзірлеп, жеңіске жетті
12 тамыз бен 14 тамыз аралығында Оңтүстік Кореяда XX Халықаралық стандарттарды әзірлеу жөніндегі олимпиада өтті. Жарысқа 12 елден 40 команда қатысты. Қазақстандық оқушылар Халықаралық стандарттау ұйымының (ISO) бір командаға ғана берілетін арнайы Special Award сыйлығын жеңіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz «ҚазСтандарт» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олимпиадада Қазақстан атынан Іңкардара Ешім, Саидхан Өміртай және Дильназ Саттыбаева қатысты. Олар әзірлеген «Робот техникасы — өнеркәсіп өндірісіндегі адам тәрізді роботтарға қойылатын қауіпсіздік талаптары» стандартының жобасы нақты логиканың, технологиялық толыққанды зерттелгені және практикалық қолдануға баса назар аударылғаны арқасында қазылар алқасын таңғалдырды.
Жобаға гуманоидты роботтарға арналған өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесі негіз болды. Ол кенет орын алатын жағдайларға жедел әрекет ету үшін хабарлама беретін IoT-жүйесін, адамды тану және жасанды интеллектіге негізделген соқтығысуды болдырмау модулін, ЖИ алгоритмдерінің тиімділігін бағалау әдістерін, сондай-ақ қызметкерлердің қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін эргономика мен роботтың өнеркәсіптік дизайнына қойылатын негізгі талаптарды қамтиды.
«Біздің балаларымыз Халықаралық олимпиадаға барып қана қоймай, олар Қазақстан атынан лайықты өнер көрсетіп, әлемдік стандарттау аренасында еліміздің Туын көтерді. Олардың ақыл-ойы, табандылығы мен шығармашылығы қазақстандық жастардың маңызды жетістіктер мен инновацияларға қабілетті екенін дәлелдеді. Іңкардара Дарындылар сайысында Қазақстанның ұлттық аспабы – домбыра тартып, өзге елдердің қатысушыларына ерекше әсер қалдырды. Бұл мәдениетіміздің байлығын көрсететін тағы бір жарқын сәт болды», – деп атап өтті жетекші Р.Аймағамбетова.
Қатысушыларға медальдар мен арнайы марапатты ISO өкілі Анна Галлет табыс етті.
Жас жеңімпаздарды әуежайда салтанатты түрде қарсы алды. Әріптестер мен «ҚазСтандарт» өкілдері команданы құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті және табыс тек ұйым үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға болғанын атап өтті.
«Біз өз командамызды мақтан тұтамыз. Олардың жетістігі — Қазақстан жастарының халықаралық деңгейде сұранысқа ие инновациялық шешімдерді ұсына алатындығының дәлелі. Бұл үлкен жетістіктердің бастамасы ғана», – деп атап өтті «ҚазСтандарт» РМК бас директоры Мәлік Сәулебай.
Бұл жеңіс қазақстандық жастардың өсіп келе жатқан әлеуетін көрсетеді және елдің стандарттау саласындағы ұстанымын нығайтады.