Білім

Қазақстандық оқушылар халықаралық химия олимпиадасында төрт медаль иеленді

Оқушылар арасындағы ең беделді халықаралық пәндік олимпиадалар басталды: IChO, IPhO, IMO, IBO, IGeO, IOL, IOІ. Бұл маусымды Қазақстан оқушылары сүйіншілі жаңалықпен бастады. Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO-2025) еліміздің атынан қатысқан төрт оқушының бәрі жүлдеге ие болды, оның екеуі – алтын медаль, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Олимпиада Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Әлемнің 93 елінен 360-тан астам оқушы қатысқан бұл зияткерлік додада Қазақстан ұлттық құрамасындағы төрт оқушы тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің жас химиктерінің көшбасшылық мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

I орын – Кирилл Ким, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

I орын – Абылай Кабдулхадыр, Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

II орын – Еңлік Бақытбекова, Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;

II орын – Аңсар Жақсылықов, Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев біздің оқушыларымыздың жетістігі – қазақстандық білімдің әлемдегі биік мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті.

«Бұл жеңіс – жас буынның жарқын болашағына жол ашатын берік негіз деп сенемін. Жетістіктеріңіз еселене берсін, алар асуларыңыз биік болсын! Еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де талапты азамат болып өсулеріңізге тілектеспін», - деп жазды министр өзінің ресми парақшасында.

Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен, ұлттық құрама бірқатар халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, биылғы оқу жылында еуропалық және халықаралық олимпиадаларда 100% нәтиже көрсетіп үлгерді.