Қазақстандық оқушылар АҚШ-та өтетін робототехника чемпионатында бақ сынайды
Қазақстаннан жеті команда АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін FIRST Championship атты мектеп оқушыларына арналған ең беделді инженерлік жарысқа аттанды. Байқауға қатысушының ең кішісі – небәрі 6 жаста, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл чемпионат 110 елден келген 50 мыңнан астам жас инженер мен өнертапқыштарды біріктірді. 2025 жылғы маусымының тақырыбы – суасты әлемін зерттеу және қорғау.
Биыл Қазақстан бұл байқауға бұрын-соңды болмаған ауқымда – бірден 7 командамен қатысып отыр. Жолдаманың көбеюі – еліміздің мектеп робототехникасының халықаралық беделі артып келе жатқанын көрсетеді.
«Біздің командалар – маусымның басты фавориттері. Қазақстанның қоржынына тағы да жүлделер мен жеңістер қосылады деп үміттенеміз», - деді USTEM Foundation қоғамдық қорының жетекшісі Асылбек Мурзахметов.
Қазақстан құрамасы Орталық Азия чемпионаты – Almaty Tech Cup нәтижесінде іріктелді. Ел атынан қатысып жатқан командалар: Atlantis – «Сатурн» мектебі, Павлодар қаласы;
PID – Назарбаев зияткерлік мектебі, Алматы қаласы;
Cristabol – Назарбаев зияткерлік мектебі, Алматы қаласы; Skillset – Skillset мектебі, Астана қаласы;
JelToqSun және Rasslexx – «Мұрагер» мектебі, Қарағанды қаласы; Sana team – «Білім-инновация» лицей-интернаты, Алматы қаласы.
Айта кетейік, Қазақстан – FIRST GLOBAL робототехникасынан 190-нан астам ел қатысатын әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы: Женева (2022), Сингапур (2023), Афина (2024).