Білім

Қазақстанда инклюзия бойынша алғашқы бүкіләлемдік конгресс өтеді

Бұл жаңалық Лондонда өткен білім саласындағы ең ауқымды шара - Bett Show алаңында жарияланды, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Бүкіләлемдік конгресс инклюзия саласы бойынша үкіметтің, педагогтердің, технологиялық компаниялардың, сарапшылар мен мамандардың басын қосатын бірегей жаһандық платформа болмақ. Оның басты мақсаты — заманауи жетістіктерді талқылау, үздік тәжірибелермен бөлісу және инклюзиялық білім беруді дамыту.

«Конгресс инклюзивті білім беру саласындағы алғашқы халықаралық бастама болады. Бұл беделді халықаралық шараны Қазақстанда өткізу - біздің әділетті және инклюзивті қоғам құруға деген ұмтылысымызды көрсетеді, сондай-ақ білім беру реформалары мен технологиялық инновациялардағы жетістіктерін айқындайды. Оған халықаралық корпоративтік көшбасшылардың қатысуы стратегиялық мүмкіндіктерге жол ашып, Қазақстанға әлемнің назарын аударып қана қоймай, инвестициялар тартуға ықпал етеді», — деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаева.

2024 жылы елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны 230 мыңнан асты. Елдегі мектептердің 90%-да инклюзивті білім беруге жағдай жасалған, ал арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған балалардың үлесі 80%-ды құрайды.