Қазақстанда инклюзивті білім беру жөніндегі Дүниежүзілік конгресс өтеді
15-17 қазан аралығында Алматы қаласында инклюзивті білім беру саласындағы ең ірі халықаралық іс-шара – World Inclusion Congress (WIC 2025) Дүниежүзілік конгресі өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Инклюзивті білім беру – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық балаға, олардың физикалық, психикалық және әлеуметтік ерекшеліктеріне қарамастан, тең мүмкіндік жасаудың маңыздылығына ерекше назар аударып келеді.
2021 жылы «Инклюзивті білім беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының қабылдануымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін білім берудің барлық деңгейінде арнайы жағдай жасала бастады.
2025 жылдың басында Лондонда өткен әлемдегі ең ірі Bett Show халықаралық көрмесінде алғашқы Дүниежүзілік инклюзия конгресінің Қазақстанда өтетіні ресми жарияланды.
Конгресс Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі. Іс-шараның бастамашылары – Ұлыбританиядағы International Forums of Inclusion Practitioners (IFIP) және Қазақстандағы HOPE (Help Others Pursue Education) қоры.
Конгресте іс жүзіндегі тәжірибеге, үшжақты тәсілге (педагогикалық инновациялар, технологиялық жетістіктер және корпоративтік серіктестік), сондай-ақ жасанды интеллект пен жаңа технологияларды енгізуге ерекше назар аударылады.
Оған 40 елден 1 200-ден астам делегат қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында министрлер, сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен жетекші университеттердің, зерттеу орталықтарының және EdTech компаниялардың өкілдері бар. Әлемдік корпоративтік көшбасшылардың қатысуы стратегиялық мүмкіндіктерге жол ашып, Қазақстанға әлемнің назарын аударып қана қоймай, инвестициялар тартуға жол ашады.
Конгресс аясында «Инклюзивті білім берудегі жаһандық үрдістер: сын-қатерлер мен шешімдер» тақырыбында дөңгелек үстел, халықаралық ынтымақтастық пен инклюзия саясатының инновацияларына арналған пленарлық сессиялар және үздік тәжірибелер алмасу алаңдары қарастырылған.
Сонымен қатар отандық және шетелдік компаниялардың қатысуымен білім беру, цифрлық технологиялар мен қолжетімді орта қалыптастыру жөніндегі инновациялық көрме ұйымдастырылады.
Іс-шара барысында инклюзивті білім берудің әрі қарай дамуына бағыт беретін маңызды халықаралық құжат – Алматы декларациясының жобасы талқыланады.