Білім

Қазақстан мен Қытайдың бірлескен кәсіптік-техникалық колледжі құрылады

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің білім министрлерінің кеңесінде Қазақстанның оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ҚХР білім министрі Хуай Цзиньпэньмен кездесіп, халықаралық біліктілігі бар мамандарды даярлайтын Қазақстан-Қытай кәсіптік-техникалық колледжін құру туралы келісімге келді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ғани Бейсембаев кездесуде техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әріптестікті нығайтудың стратегиялық маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын енгізу және колледждерді интернационалдандыру арқылы кадр даярлау сапасын арттыруға тоқталды. Қытай тарабы қазақстандық білім беру ұйымдарының басқарушы кадрларының жасанды интеллект пен білім беруді цифрландыру бойынша біліктілігін арттыруға қатысуға әзірлігін білдірді. 

Сонымен қатар, тараптар биылғы күзде Алматыда өтетін Инклюзивті білім беру жөніндегі алғашқы бүкіләлемдік конгресс аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою ниетін растады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Алматы, Шымкент және Жамбыл облысындағы колледждер Қытайдың алдыңғы қатарлы колледждері мен өндірістік кластерлерімен тәжірибе алмасуды бастап кетті. Студенттер мен оқытушылар үшін серіктес ұйымдар базасында тағылымдамалар ұйымдастырылып, олар заманауи технологиялар мен өндірістік стандарттарды меңгеруде.