«Қазақстан мұғалімі – 2024» сыйлығының жеңімпазы 10 млн теңге иеленді
Астанада Nobel Fest & Teachers' Summit-2024 білім беру форумы аясында «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының ТОП-10 финалисін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Форумға жиналған ғалымдар, педагогтер мен сарапшылар білім беру, технология, адамзаттың болашағы және жасанды интеллектінің әсері мәселелерін, сондай-ақ білім берудегі инновациялық тәсілдерді және балалармен өзара әрекет етудің заманауи әдістерін талқылады.
Байқауға қатысуға Қазақстанның барлық аймағынан 2 200-ден астам өтінім келіп түсті, нәтижесінде 50 финалист таңдалып, үздік он мұғалім анықталды. Олар Қазақстанның атынан «Әлем мұғалімі» сыйлығына ұсынылады. Қазақстандық мұғалімдер жоғары академиялық жетістіктерін ғана емес, сондай-ақ білім беру жүйесінің дамуына қосқан үлестерін көрсетіп, азаматтық белсенділігі мен маңызды әлеуметтік жобалары арқылы қоғамға пайдалы жұмыстарымен бөлісті.
Алматыдағы №95 мектеп-лицейінің химия пәнінің мұғалімі Татьяна Белоусова «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанды.
Айта кетейік, «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өтті.