Білім

Қасым-Жомарт Тоқаев Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжіне барды

Президентке бұл білім ошағы еліміздің батыс өңіріндегі тау-кен саласына мамандар даярлайтын жалғыз кәсіптік оқу орны екені баяндалды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1979 жылы негізі қаланған колледжде 1 157 студент кенші, ұңғылаушы, кен байытушы, слесарь, тау-кен электр механигі, электр монтері және басқа да мамандықтар бойынша білім алып жатыр.

Оқу орнының директоры Бағдашжан Молдашева Мемлекет басшысына білім беру үдерісінде қолданылатын озық технологиялар жөнінде мәлімет берді.

Атап айтқанда, колледжде теориялық білімді тәжірибемен ұштастыратын дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Студенттер колледж аумағындағы оқу-шахта полигонында өндірістік тәжірибеден өтіп, техникамен жұмыс істеудің күрделі әдіс-тәсілдерін меңгереді. Сондай-ақ жаттықтырушы-симуляторлар арқылы шахтадағы жағдайға барынша ұқсас ортада жұмыс дағдыларын үйренеді.