Білім

Астаналық педагогтер балалар журналының авторымен кездесті

Астана қаласының Білім басқармасы смартфонсыз мектеп жобасын іске асырып қана қоймай, балаларды әдеби кітаптар мен журналдарды оқытуға бағытталған іс-шараларды бастап кетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астанадағы №103 орта мектепте қала педагогтері «Айгөлек» журналының авторы Қымбат Әбділдақызымен кездесті. Белгілі журналист алдымен ұстаздарға арналған «Сіз мұғалімсіз бе, ұстазсыз ба?» тақырыбында дәріс оқып, ұлы мамандықтың артықшылығы мен жауапкершілігі жайлы сөз қозғады.

Екінші бөлімде Қымбат Әбділдақызы жиырма бес жыл бойы қазақ балаларын тәрбие мен оқуға баулып келе жатқан төл туындысы «Айгөлек» журналының балаларға беретін артықшылықтарын айтып өтіп, барлық қатысушыларға естен кетпес рухани кеш сыйлады.

Астана қаласы Білім басқармасы жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Асыл Амангелдіқызы кездесуге арнайы қатысып, ұлттық журналдар оқушылардың білім сапасының артуына ықпал ететіндігін айтты.

Іс-шарада №103 орта мектеп директоры Жанат Тұрысбекқызы барлық қатысушылар атынан Қымбат Әбділдақызына алғысын білдірді.

Жүзден аса педагог қатысқан рухани кеш соңы мектеп оқушыларының би билеп, ән айтуымен аяқталды.