Астаналық мектепте алғашқы қоңырау соғылды
Бүгін еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы ресми түрде басталды. Астанадағы М.Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясында Білім күніне арналған «Мектебім – мерейлі мекенім» атты салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Алғашқы қоңырау – әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін ұмытылмас күн.
1-сынып оқушылары үшін мектеп – жаңа әлемнің есігі. Қолына әліппе ұстап, партаға алғаш отырған балаларды қызықты сабақтар, жаңа достар, білімге толы күндер күтіп тұр. Бұл – олардың өміріндегі үлкен әрі маңызды сапардың алғашқы қадамы.
Сондай-ақ алғашқы қоңырау – тек оқушылар үшін емес, ата-аналар мен ұстаздар үшін де ерекше мереке.
Ата-аналар үшін бұл күн – толқу мен қуаныштың, мақтаныш пен үміттің сәті. Баласының алғаш мектепке қадам басуы – әр отбасының қуанышы.
Ұстаздар үшін алғашқы қоңырау – жауапкершілігі мол, бірақ сонымен қатар қуанышы мен шабытқа толы күн. Өйткені олардың қолында – елдің ертеңі, болашаққа жол ашар жас ұрпақ.
Іс-шара барысында ән айтылып, тақпақ оқылды және мектеп табалдырығын аттаған балаларға әліппе таратылды.
«Қымбатты оқушылар! Жаңа оқу жылы сіздерге шабыт сыйлап, білімге деген құштарлықтарыңызды арттырсын. Әр күніңіз қуаныш пен жетістікке толы болсын!
Құрметті ата-аналар мен ұстаздар! Сіздердің қолдауларыңыз бен еңбектеріңіз – балалар үшін ең үлкен демеу. Бірлесе отырып, жас буынды білімді, тәрбиелі, болашағы жарқын азамат етіп өсірейік», - деді мектеп директоры Арай Сатиева.