Астанада оқушылар мен студенттерге арналған кәсіптік бағдарлау экскурсиялары қорытындыланды
«Астана даму орталығы» ЖШС-нің ұйымдастыруымен «Кәсіптік бағдарлау экскурсиялары» жобасы қорытындыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жобаның қатысушылары мен серіктестеріне сертификаттар мен алғысхаттарды Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров табыс етті.
Былтыр басталған жоба мектеп оқушылары мен студенттерге кәсіби жолды саналы түрде таңдауға көмектеседі. Оның маңыздылығы Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған бастамасымен ерекше аталып өтеді.
2023 жылы жоба 10 100-ден астам оқушыны қамтыса, 2024 жылы елорданың 97 мектебі мен 23 колледжінен 12 700-ден астам оқушы мен студенттер қатысты. Қатысушылар 43 жетекші ұйым мен жоғары оқу орындарына барып, жұмысшы мамандықтарымен танысып, практикалық білім алды.
Экскурсиялық іс-шаралар оқушылар мен студенттерге еңбек нарығында сұранысқа ие негізгі мамандықтар туралы біліп, олардың атмосферасына енуіне мүмкіндік берді.
Жобаны қолдаған оқу орындар мен кәсіпорындарға Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың алғысхаттары табысталды.
Айта кетейік, аталған жоба 2025 жылы да іске асырылмақ.