Астанада I республикалық «Жас ғалым» форумы өтті
Еуразия ұлттық университетінде I республикалық «Жас ғалым» форумы өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300-ден астам жас ғалымдар жиналды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Форумға қатысушылар «Жас ғалым» бағдарламасын – елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған іргелі бастама, сондай-ақ ғылым мен технологияны дамытудағы мемлекеттік қолдаудың жарқын үлгісі екенін, бұл бастама – ғылымды өмірлік бағдар етіп таңдаған талапты жастар үшін әлеуметтік лифтке айналғанын атап өтті.
«Жас ғалым» гранттық бағдарламасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы Жолдауында берілген тапсырмасы аясында Ғылым және жоғары білім министрлігімен жүзеге асырылып жатыр. Аталған бағдарламаның мақсаты – постдокторантура институтын қолдау арқылы еліміздегі жас зерттеушілер санын арттырып, Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайту. Осы жылдар ішінде конкурстық жолмен 688 грант бөлінді.
«Жас ғалымдықтар» еліміздің 18 өңіріндегі 74 ғылыми мекемеде ғылымның әртүрлі салаларында маңызды қадамдар жасауда. Өткен жылдың соңында 300-ге жуық постдокторант өз жобаларын сәтті аяқтап, тағы жүздегені ғылыми ізденістерін жалғастыруда.
«Жас ғалым» гранты иегерлерінің көбісі зерттеу университеттерінде шоғырланған: Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Satbayev University.
Бағдарлама жүзеге асырылған үш жылдың ішінде жүздеген сапалы ғылыми еңбек жарық көріп, докторлық диссертациялар жоғары деңгейде қорғалды. Сонымен қатар бірқатар ғылыми жетістіктер нақты өндірістік салада қолданыс тауып, практикалық мәнге ие бола бастады.
Форум қатысушылары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ғылымды жан-жақты қолдағаны үшін ерекше алғыс білдірді. Бұл қолдаудың нақты нәтижесі ретінде білім мен ғылымды қаржыландырудың қомақты артуын, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның қабылдануын, докторантураға бөлінетін грант санының көбеюін, стипендия мөлшерінің өсуін, үздік әлемдік орталықтарда тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін, зертханалардың жаңартылуын, жетекші шетелдік ЖОО филиалдарының ашылуын, жас ғалымдарға пәтерлердің тегін берілуін және «Жас ғалым» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады. Нәтижесінде, қазіргі таңда ғылыми зерттеулермен айналысатын ғалымдардың тең жартысын 40 жасқа дейінгі жас зерттеушілер құрайды.
Форумның қорытындысында жас ғалымдар болашағына деген жауапкершілікті терең сезіне отырып, отандық ғылымның үдемелі дамуы үшін бірқатар ұсыныстар білдірді. Атап айтқанда: Ғылымды жүйелі түрде дамыту үшін мемлекет, жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар, бизнес өкілдері және жас ғалымдардың арасындағы ынтымақтастықты арттыру; Зерттеу университеттерін ғылыми жаңалықтар мен инновациялар орталығына айналдыру жұмысын жалғастыру. Бұл «Жас ғалым» бағдарламасының тиімділігін арттыруға ықпал етеді; Ғылыми зерттеулер нәтижелерін қоғам, мемлекет және бизнес үшін ашық, қолжетімді ету, оларды нақты өндіріс пен басқару шешімдерінде қолдануға ұмтылу.
Сонымен қатар отандық ғылымның дамуына, еліміздің болашағына зор үлес қосу мақсатында «Жас ғалым» республикалық қауымдастығын құру туралы ғалымдардың ұсынысы ерекше атап өтілді.