Білім

Астанада дарынды оқушыларға арналған 100 кітаптың тұсауы кесілді

Ұлттық академиялық кітапханада «Зерделі» мектептері мен ақыл-ой дамыту орталығының құрылғанына 10 жыл толуына орай, осы уақыт ішінде білім ордасы қызметкерлерінің авторлығымен жарық көрген 100 кітаптың тұсауы кесілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тұсаукесерге Парламенті Сенаты мен Мәжіліс депутаттары Бекбол Орынбаев, Амангелді Толамисов, Нұргүл Тау, Олжас Құспеков,  Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің Төрағасы Бекболат Жұмашев және білім саласының зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Еліміздің дамуы үшін әрбір адам білімді әрі еңбекқор болуы айрықша маңызды. «Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес» деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, елімізді ғылым мен техникасы дамыған елге айналдыру үшін математика мен жаратылыстану пәндерінің сапасын арттыру қажет. Зерделі мектептері осы мақсатқа адал қызмет етіп келеді. 10 жыл ішінде 100 оқулық жазу – ел дамуына қосқан үлкен үлес», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекбол Орынбаев.

«Зерделі» орталықтары мен мектептер желісінің негізін қалаушы Ырысбек Мәуіттің айтуынша, бұл 100 оқулық мектеп оқушыларының логикалық ойлау қабілетін дамытуға және олимпиадаға дайындығын жетілдіруге бағытталған.

«Біз атажұртқа не береді деп емес, не беремін деп келдік. Бүгін тұсауы кесілген 100 кітап еткен еңбегіміздің бір бөлшегі. Басқалардың идеясымен жазылған оқулықтарды аударып алғанша, өз ұлттық болмысымызға бейімдеп неге оқулық жазбасқа деген мақсатпен үлкен жоба ретінде қолға алдық. Бүгінгі күнде орталығымыздағы мамандар жазған математика, жаратылыстану, гуманитарлық және ағылшын тілі пәндеріне арналған оқулықтардың саны 100-ге жетті. Әрине, біз бұл оқулықтардың санымен емес, сапасымен де мақтана аламыз. Өйткені жарық көрген кітаптар оқушылар мен мұғалімдер үшін маңызды оқу құралы болмақ. Біздің мақсатымыз – математика мен IT және ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын, қазақ тілінде білім беріп, ұлттық тәрбиені бойға сіңіре білетін «үздік 50 мектеп» ашу. Қазір бес бағыт бойынша жұмыс істейтін зерделі осы мақсатқа жету үшін үздіксіз талпынады», - деді ол.

Тұсаукесердің соңында Зерделі мектептерінде еңбек еткен 35 ұстазға Сингапурға барып тәжірибе алмасуға сертификаттар табысталды. Өткен жылы «Зерделіде» сабақ беретін 30-дан аса ұстазды Лондондағы білім ордаларына тәжірибе алмасуға жіберген болатын.

2014 жылы Астанада балаларға математика мен логикадан қосымша білім беру орталығы ретінде ашылған Зерделі 2021 жылы Zerdeli халықаралық мектебі болып шаңырақ көтерді. Қазір Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарда Zerdeli қарамағындағы 7 мектеп, 50 орталық жұмыс істейді. 20 мыңнан астам оқушы білім алады, 1200 ұстаз сабақ береді. Оқу орнының негізін қалаған Ырысбек Мәуіт «Болашақ» бағдарламасының түлегі, танымал математик, үздік педагог, математикадан үздік халықаралық олимпиада жаттықтырушысы. Ол 50-ге жуық математика-логикалық және олимпиадалық еңбектің авторы. Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған және міндетті олимпиадалар тізіміне енген «Алтын тұғыр», 3-6 сынып оқушылары арасында танымал математика-логикалық «Алтын сақа» және жоғары сыныптарға арналған «Алтын түлек» олимпиадаларының авторы. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Құрмет» грамотасының төрт дүркін иегері. «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалімен де марапатталған.

 

                                                                                                                                                                                  Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ