Астанада биыл алты мектеп толық жаңғыртудан өтті
Президент тапсырмасына сәйкес елорданың білім беру нысандарын жаңарту жоспары жүзеге асып жатыр. Биыл Астанада қай мектептер күрделі жөндеуден өтетіні белгілі болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сапалы материалдық-техникалық базамен қамту – оқушының білім алуына тиімді жағдай жасайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда мектептерді жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Жыл сайын елімізде кемінде 1000 мектеп жеті бағыт бойынша жаңғыртудан өтеді. Бұл бастама ауыл мен қала арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға және балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жаңғырту жұмыстары жеті негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде Үкіметке әкімдермен бірлесіп демеушілік қаражатты қоса алғанда, қаржыландыру көздерін айқындап, үш жыл ішінде 1 300 мектепті қайта жаңартуды жүргізу тапсырмасы берілді.
Жаңғыртудың мақсаты – балалардың білім алуы мен тәрбиеленуі үшін қолайлы жағдай жасау, материалдық-техникалық базаны нығайту арқылы қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту. Жаңғырту аясында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары, пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды, қауіпсіздік жағдайларын жақсарту қарастырылған.
«Осы орайда қала бойынша 2025-2027 жылдарға 22 мектепті жаңарту жоспары бекітілген. 2025 жылы 6 мектеп, 2026 жылы 8 мектеп, 2027 жылы 8 мектеп жаңартудан өтеді», - дейді Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.
Қала бойынша жалпы білім беретін 196 мектеп бар, оның 115-і – мемлекеттік, (онда 236 986 оқушы білім алып жүр), 45 014 баланы қамтыған 74 жеке мектеп және 6 мыңнан астам оқушыны оқытатын 7 республикалық мектеп, елорда бойынша барлығы 288 279 оқушыны қамтиды.
Қасымхан Сенғазыұлының айтуынша, бекітілген жоспарға сәйкес 2025 жылы 6 мектепті №1, №14, №21, №35, №61, №69 қайта жаңарту жоспарланған.
Аталған мектептер 2000 жылдарға дейін салынған және соңғы 5 жылда күрделі жөндеуден өтпеген, сондай-ақ, олардың материалдық-техникалық базасы төмен жағдайда, тозғаны белгілі.
Дайындалған жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, аталған мектептерде жылыту және желдету жүйелерін жаңғырту, су және кәріз желілерін жөндеу, сәулет-құрылыс бөлігі бойынша жұмыстарды жүргізу оның ішінде шатырды жөндеу, қасбетті жаңарту, ішкі әрлеу, сондай-ақ ғимараттың негізгі қабаттарды ретке келтіру бар. Сондай-ақ қуат жабдықтары мен электр жарығын ретке келтіру, автоматты өрт дабылы жүйесі мен әлсіз ток желілерін жаңарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Бұдан басқа, күрделі жөндеу аясында оқу сыныптарын қосымша жарақтандыру, сандық жабдықтарды сатып алу, жиһаздарды жаңарту, қауіпсіздік жүйесін орнату, сондай-ақ асханалар, кітапханалар, спорт және акт залдары мен басқа да үй-жайларды модернизациялау жоспарланған.
Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар «Жайлы мектеп» жобасы аясында жасалған объектілерді жарақтандыру стандарттары, техникалық сипаттамалары мен жобалық шешімдерін ескере отырып орындалатын болады.