Астанада балалардың шығармашылық даму перспективалары талқыланды
Астанада Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев педагогтермен және қосымша білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Биылғы оқу жылында балаларды қосымша біліммен қамту 86,3%-ға дейін артты. Бұл 3,3 млн баланы құрайды, ал ұйымдар желісі 1 713-ке жетті. 1 625 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді және әртүрлі бағыттар бойынша үйірмелердің 380 түрі ұсынылады.
Бір жыл ішінде ауылдық мектептер базасында 17 жаңа қосымша білім беру орталығы, 5 балалар сауықтыру орталығы, 800-ден астам комьюнити-орталық ашылды. 200-ге жуық жұмыс істеп тұрған қосымша білім беру мекемелері жаңғыртылды.
Министр өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әр баланың шығармашылық, зияткерлік және физикалық әлеуетін ашу үшін жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. 2027 жылға дейін 100 жаңа қосымша білім беру орталығын ашу жоспарлануда.
«Қосымша білім беруді дамыту – білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты. Біздің міндетіміз – жай ғана жағдай жасау емес, әр бала үшін мүмкіндіктердің тұтас экожүйесін қалыптастыру. Білімді және креативті болып қана қоймай, өз тамырын терең білетін, елінің мәдениеті мен құндылықтарын құрметтейтін ұрпақты тәрбиелеу», - деп атап өтті ведомство басшысы.
Кездесуге қатысушылар жүйені дамытудың өзекті мәселелерін талқылады, қосымша білім берудің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру бойынша практикалық ұсыныстармен бөлісті.
Кездесу соңында жоғары кәсібилік, шығармашылық және өз ісіне адалдық танытқан педагогтерге алғыс хаттар табысталды.