Білім

Астана әкімі ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады

Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Сіздер ең жауапты әрі маңызды міндеттердің бірі – балаларымызды тәрбиелеп, оларға білім бересіздер.

Сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіздің арқасында ғылыми жетістіктерге жетіп, медаль жеңген, республикалық және халықаралық жарыстарда Астананың атынан сынға түсетін талантты және ынтасы жоғары балалардың жаңа буыны өсіп келеді. Өткен оқу жылының өзінде елордалық оқушылар 445 медаль жеңіп алды, бұл – сіздердің еліміздің болашағына қосқан үлестеріңіз.

Сіздер ыңғайлы жағдайда жұмыс істеу үшін біз елорданың білім беру инфрақұрылымын дамытуды ары қарай да жалғастырамыз. Биылғы оқу жылында 15 жаңа мектеп ашылды, ал жыл соңына дейін тағы 9 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Біз сіздердің жұмыстарыңызға ерекше назар аудару қажет екенін және қолдау көрсетуді қажет ететінін түсінеміз әрі осы бағытта жұмыс істеуді жалғастырамыз», - деді Ж.Қасымбек.  

Педагогтарға арнап «Ұстаз – ұлағатты ұғым» атты концерт өткізілді. Үздік мұғалімдерге ведомстволық наградалар, төсбелгілер және т.б. табыс етілді. «Астана қаласының Құрметті педагогы» атағымен 5 мұғалім марапатталды, оларға ақшалай сертификаттар табысталды. Сол сияқты ақшалай сертификаттар екі білім беру ұйымына берілді.

«Кәсіби мерекелеріңізбен тағы да құттықтаймын! Білім беру жолындағы шыдамдылықтарыңыз, өз мамандықтарыңызға деген адалдықтарыңыз үшін алғысым шексіз. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және табыс тілеймін!» - деп жазды елорда әкімі.