Ғани Бейсембаев білім саласындағы стартап жобалармен танысты
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Astana Hub технопаркінің білім саласындағы стартап жобаларымен танысты, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп оқушылар мен педагогтерді бағдарламалау негіздеріне оқытатын онлайн білім беру платформасының пилоттық жобасын іске қосқан. Ол бойынша бүгінде 300 педагог пен тренер «Жасанды интеллект» және Game Development бағыттары бойынша біліктілігін арттырып жатыр.
Министрге оқытушының қатысуынсыз жүзеге асатын Tomorrow School жасанды интеллект мектебі таныстырылды.
«Қазіргі даму үдерістері білім беру процесін цифрлық трансформациялау бойынша жаңа ұстанымды, тың әдіс-тәсілді талап етеді. Жас ұрпаққа заманауи талапқа сай сапалы, бәсекеге қабілетті білім беру үшін әрбір педагогтің ІТ-құзыреттілігін арттыруға, мектептер мен колледждерде цифрлық білім беру ортасын құруға, сапалы контент ұсынуға баса мән берілуі керек. Сонымен қатар білім алушылардың цифрлық қауіпсіздігі бірінші кезекте қамтамасыз етілуі тиіс», - деді Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ министрге білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ортақ білім беру экожүйесін құруға, жасөспірімдерге кәсіптік бағыт-бағдар беруге, олимпиада қатысушыларын офлайн форматта қашықтан оқытуға бағытталған отандық IT-қызметтер мен өнімдерінің таныстырылымы ұсынылды.
Айта кетейік, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес білім беру саласын цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мектептерде интернет сапасы үш есе жақсартылды, мектеп оқулықтары цифрлық форматқа көшірілді және 11 платформаға жүктелді. Білім беру ресурстарының қолжетімділігін арттыру мақсатында eGovMobile мобильді қосымшасында «Bilim» сервисі іске қосылды, сондай-ақ орта білім аттестаты, техникалық және кәсіптік білім дипломдары электронды үкімет порталындағы цифрлық құжаттардың тізбесіне енді.