Білім

60 мыңға жуық қазақстандық педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті

Оқу-ағарту министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы педагогтер үшін тегін біліктілікті арттыру курстарын өткізуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тегін біліктілікті арттыру курстары осы жылдың қараша айының соңына дейін жалғасады.

«Бүгінгі таңда орталығымыздың оқытушылары 2 280-нен астам курс өткізді, онда 60 мыңға жуық педагог оқыды. Қазір мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінің 348 педагогі, мектептердің 2 183 педагогі және колледждердің 117 оқытушысы білім алуда. Әр педагог курстан кейін алған білімдері бойынша бағаланады және оқытудың тиімділігіне талдау жасалады», – дейді «Өрлеу» орталығының басқарма төрағасы Айдана Шилібекова.

Естеріңізге сала кетейік, курстар биыл ақпан айының соңында басталған болатын. Орталық 80 мыңнан астам педагогті, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінің 11 мыңнан астам педагогін, мектептердің 68 мыңнан астам педагогін және колледждерден 1 400-ге жуық педагогті оқытуды жоспарлауда.