«35 мыңнан астам педагог жұмыссыз»: депутат мұғалім даярлау жүйесін сынады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұргүл Тау педагогикалық кадрларды даярлауды жүйесіне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оның сөзінше, мемлекеттік тапсырыс зерттеп, зерделеу мен мониторинг жүргізілмей, жасалып отыр.
«Экономика, денсаулық сақтау, цифрландыру. Мұның бәрінің бастауында тұрған – мұғалім. Сондықтан мұғалімдерді даярлау саласында қателіктер тек басқарушылық қателіктер емес, сонымен қатар жылдар бойы салдары бар стратегиялық қателіктер. Аудит деректері бойынша, педагогтерді даярлауға мемлекеттік тапсырыс жылдар бойы нақты қажеттілікті есепке алмай, тиісті мониторингсіз және еңбек нарығындағы нақты жағдаймен байланыссыз қалыптастырылады. Мәселен, 2022 жылы қажеттілік 7,5 есе, 2025 жылы 9,5 есеге артқан. 3 жыл ішінде бұл бюджеттің 31,8 миллард теңгеге немесе 13905 қосымша грантқа артық шығындалуға әкелді. Бұл ретте мемлекеттік тапсырыс бойынша түлектердің 90 пайызы жұмысқа орналастырылмаған», - деді халық қалаулысы.
Нұргүл Таудың айтуынша, жоғары білімнің ағымдағы жағдайы бойынша Ұлттық есеп 2 жыл қатарынан жарияланбай отыр.
«35 мыңнан астам педагог жұмыссыз. Ал 60 мыңы жұмыспен қамтылуы туралы деректер мүлде жоқ. Сонымен қатар, заңда көрсетілген жоғары білімнің ағымдағы жағдайы бойынша Ұлттық есеп 2 жыл қатарынан жарияланбай отыр. Осыған байланысты менің сұрағым: Неліктен үкімет мемлекеттік білім беру жүйесінде сұранысқа ие емес мамандар даярлауға миллардтаған қаражат жұмсайды? Қандай қателіктер кетті және жағдайды түзету үшін не жасалады?» - деді Нұргүл Тау.
Бұл сауалға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жауап берді.
«Біздің министрлік құрылғалы педагогикалық кадрларды даярлау өте үлкен бақылауға алдық. Жүйелі шешімдерді қабылдадық. Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлымен бірге тығыз жұмыс істейміз. Біріншіден, қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің берген еңбек нарығының болжамына тікелей сәйкестендірілген. 2030 жылға дейін қазір орта болжам бойынша, қазір 883 мыңнан астам қызметкерлер тапшы болады. Оның ішінде 20 пайызы педагогикалық кадрлар. Сондықтан мемлекеттік тапсырысымыз қазіргі таңда толық 20 пайыз болжамда ұштастырылған. Мысалы, биыл 77 мыңнан астам грантты беретін болсақ, оның 20 пайызы 15 мыңға жуық педагогикалық кадрларға бағытталған», - деді министр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, педагогика саласына сапалы кадрлар келе бастады.
«Уақытында 2019 жылы қабылданған жүйел жақсы шешімдер болған. Педагогтердің мәртебесі бойынша заң қабылданды. Жалақы көтерілді. ҰБТ шекті балл көтерілген. Педагогикалық қызметкерлердің оқушылардың, студенттердің шәкіртақысы өскен. Соның аясында жақсы үрдіс қазір көріп отырмыз. Сапалы кадрлар келе бастады. Мысалы, былтыр ҰБТ ның орта балы 119 балл. Ал Алтын белгі алған педагогикалық студенттердің саны 2 мыңға жуық. Сапа көтеріліп келеді. 60 мың педагог жұмыспен қамтылуы туралы деректер мүлде жоқ дегенге қатысты айтарым: Олар халықаралық мектептерге орналастырылды. Ол туралы барлық ақпаратты беруге дайынбыз. Қазіргі таңда жүйелі іс-шаралар жасалып жатыр», - деді министр.