137 түлек ҰБТ бейнежазбасын тексергеннен кейін грантынан айырылды
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) 154 мың қазақстандық тапсырды. Емтихан нәтижесі белгілі болды. Дегенмен Ұлттық тестілеу орталығы бейнежазбаларды тексеруді әлі де жалғастырып жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев видеожазбаларды тексергеннен кейін 153 тест тапсырушының нәтижесі жойылғанын, оның 137-сі білім грантының иегерлері екенін түсіндірді.
Біз тиісті шара қолдандық. Енді олардың грант сертификаттары жарамсыз деп танылды, - деп атап өтті Руслан Емелбаев.
Биыл 327 түлек тестілеу кезінде тыйым салынған заттарды әкелу әрекеті салдарынан ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережені бұзғаны үшін 322 адам аудиториядан шығарылды.
2022 жылы түлектердің 33%-ы ҰБТ-ның шекті балына жете алмады.
Биылғы орташа нәтиже – 66 балл, ал ең жоғары – 139 балл.
Ең төмен нәтижені үш облыс көрсетті: Маңғыстау, Түркістан және Атырау облыстары.