138 мың оқушы жаңа оқу жылын жаңартылған мектептерде бастайды
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің білім беру саласында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Олардың мақсаты – әрбір балаға заманауи әрі қауіпсіз білім алу үшін қолайлы жағдай жасау, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жаңа оқу жылы басталғанға дейін 163 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары аяқталып, 138 мыңнан астам оқушы жаңартылған және толықтай қайта жабдықталған мектептерде білім алады деп жоспарланып отыр.
Реновация бағдарламасы аясында 127 мектеп жаңартылды, онда 99 мыңға жуық бала білім алады. Сонымен қатар 1 мыңға жуық ауылдық мектеп жаңғыртылып, оларға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Робототехника, химия, биология, физика және STEM пәндері бойынша 1 108 заманауи кабинет орнатылды, - делінген .
Кешенді жобаларға мектептерді күрделі жөндеу, сыныптарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, жиһаздарды жаңарту, кітапханалар мен асханаларды модернизациялау, заманауи қауіпсіздік жүйелерін енгізу кіреді.
Бұл шаралардың барлығы қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға, қазақстандық балалар үшін жайлы және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.