12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні
2012 жылдан бастап елімізде ғалымдардың кәсіби мерекесі аталып өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бүгінде елімізде 25 мыңнан астам ғалым еңбек етеді, олардың жартысы – 40 жасқа толмаған жас зерттеушілер.
Құрметті әріптестер, қадірлі достар!
Бүгін – Қазақстанның ғылым қызметкерлері күні! Бұл күннің 12 сәуірге белгіленуі тегін емес. Дәл осы күні еліміздің ғылымын әлемдік деңгейге көтерген, көрнекті ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев дүниеге келген еді. Ол ұлттық ғылымды жүйелі жолға қойып, іргелі зерттеулердің негізін қалады.
Бүгінгі ғылым – тек зерттеу емес, ол – экономиканың қозғаушы күші. Сондықтан біз ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға ерекше мән беріп отырмыз. Қазіргі уақытта 208 ғылыми жоба іске асырылып жатыр. Оның 25-і экспортқа шықты. Ал 6 жоба – 1 миллиард теңгеден астам сатылымға қол жеткізді. Жалпы алғанда, коммерцияланған жобалардың ел экономикасына қосқан үлесі – 118,4 миллиард теңгені құрап отыр. Биылдан бастап өңірлердегі ғылыми басқару жүйесі күшейтілді. Әкімдіктер жанынан Ғылым жөніндегі кеңестер құрылып, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары өңірлік гранттық бағдарламалар мен ғылыми сессияларға белсенді қатыса бастады. Жалпы, ғылымды жергілікті деңгейде дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2024-2026 жылдары өңірлерде зерттеушілік артықшылық орталықтарын құру үшін 17 бағдарлама енгізіледі. Бұл – ғылым мен бизнестің өзара байланысын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам.
Қадірлі әріптестер! Қазақстан ғылымының алтын қазығын ұстап тұрған барлық ғалымдарға, зерттеушілерге, оқытушыларға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің ерен еңбектеріңіз – елдің ертеңіне салынған берік негіз. Ғылым күні құтты болсын! Еңбектеріңіз табысты, жаңалықтарыңыз жаңашыл, жетістіктеріңіз толағай болсын! - деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.