«Жылдамдықты асырмаңыз!»: ІІМ жүргізушілерге үндеу жасады
Ішкі істер министрлігі кезекті рет жол жүрісіне қатысушыларға үндеу жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Құрметті жол жүрісіне қатысушылар! Ауа райының өзгеруі жолдағы қауіпсіздікке айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сондықтан белгіленген нормалар мен қағидаларды сақтау өте маңызды.
Қаңтар айының өзінде ірі жол апаттары тіркелді. Негізгі себеп – көріну мүмкіндігінің төмендеуі кезінде қауіпсіз жылдамдықты сақтамау.
Сондықтан азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу үшін көлік ағыны көп жол учаскелерінде жылдамдықты шектеу туралы шешім қабылданды. Атап айтқанда, Астана-Щучинск және Астана-Қарағанды бағыттары бойынша 3.24 «Ең жоғары жылдамдықты сағатына 60 шақырымға шектеу» жол белгілері қойылды. Олар нашар көріну, көктайғақ немесе басқа да ауа райы факторлары жағдайында ғана қосылады.
Көктайғақ, боран, тұман немесе жалпы қолайсыз ауа райы жағдайлары туралы хабарламадан кейін бұзушылықтарды тіркеу камераларының параметрлері көрсетілген жылдамдыққа өзгертіледі.
Ауа райының нашарлауы туралы ескертулерде, сондай-ақ «Яндекс», 2GIS, Indrive және басқа да қосымшаларда енгізілген жылдамдық шегі туралы ақпарат көрсетіледі.
Жолдарды ашу кезінде шектеулер алынып тасталады.
Біз баршаңызды жол ережелерін қатаң сақтауға және ауа райының өзгеруін ескеруге шақырамыз. Сіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі жолдағы қырағылығыңыз бен жауапкершілігіңізге байланысты екенін еске салғым келеді. Жылдамдықты асырмаңыз, жолда сабырлық пен түсіністік танытыңыз.
Бірлесіп қана біз жолдарымызды қауіпсіз ете аламыз!» - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.