Сағат өзгергеннен бастап адам денсаулығына зиян тимеген – сарапшы
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті география және туризм факультетінің аға оқытушысы Арман Жұмағазиев бір сағаттық белдеудің артықшылықтарын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бүгінгі таңда талқыланып жатқан үлкен мәселелердің бірі сағат белдеуіне қатысты сұрақтар болып отыр. Осының төңірегіндегі мәселелер көптен қозғалып жүр. Бірінші наурыздан бастап Қазақстан аумағында бір сағаттық белдеу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл УТС +5 деген, бөліп қараған кезде 67 ̊ - 87 ̊ арасын алып жатқан сағат белдеуі. Мысалы, еліміздің аумағынан өтіп жатқан бұл белдеуде 76%-дан астам Қазақстан халқы тұрады екен. Сондықтан бұл өте қолайлы деп есептеймін. Жалпы халықтың көпшілігі осы сағатты пайдаланады», - деді спикер.
Сондай-ақ ол қоғамда осыған қатысты сұрақтар туындап жатқанын айтты.
«Адам денсаулығына, т.б. нәрселерге зияны тиіп жатыр, көп жарық жағып жатырмыз деген сияқты әртүрлі сұрақтар туындап жатыр. Бұл мәселелер бойынша ғалымдар, жергілікті мамандардың айтқанына сүйенсек, соңғы сағат өзгергеннен бастап, адам денсаулығына зиян тимегені және электр энергиясын пайдаланудың артпағаны анықталып отыр. Сондықтан бұл сағат экономикалық жағынан өте тиімді. Жұмыс уақыты Қазақстан бойынша бір уақытта басталып, бір уақытта аяқталады. Сонымен қатар банк жүйесіндегі операциялар бүкіл ел бойынша бір уақытта ашылып, бір уақытта жабылады. Көлік құралдарының жүру, келу уақыттары бір сағатқа бекітілгені қолайлы, яғни бұрынғыдай адамдардың ұшаққа немесе пойызға кешігіп қалуы секілді жағдайлар болмайды деп есептеймін. Сондықтан бір сағаттық белдеуді Қазақстанда қолдануға болады. Бұл дұрыс деп есептеймін», - деді Арман Жұмағазиев.