Әртүрлі

Жолдау еліміздің болашағына сенімді нығайтады – генерал-майор Сәкентай Шекарбеков

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының негізгі басымдықтарын айқындап, алдағы жылдарға арналған нақты міндеттерді белгіледі. Бұл стратегиялық құжат – мемлекеттігімізді нығайтатын, халықты ортақ мақсатқа жұмылдыратын тарихи бағдар. Мұндай пікірді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Сәкентай Шекарбеков айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Президентіміздің Жолдауы қоғамның саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және рухани дамуын жаңа сатыға көтеруге бағытталған. Әсіресе, ұлттық қауіпсіздік, жастарға қолдау, цифрлық технологияларды енгізу, білім мен ғылымды дамыту, әділетті қоғам құру мәселелеріне ерекше мән берілді.Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығы жеке құрамы бұл бастамаларды зор ықыласпен қабылдады. Біз үшін құқықтық тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халыққа адал қызмет ету – қасиетті борыш. Мемлекет басшысының айтқан әрбір тапсырмасы біздің күнделікті жауынгерлік қызметіміздің маңыздылығын айқындай түседі», - деді спикер.

Сәкентай Шекарбековтың айтуынша,  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында еліміздің болашағына қатысты маңызды міндеттер айқындалды. Президент атап өткендей, жас ұрпақ – мемлекеттің болашағы, ал олардың тәрбиесі мен білімі – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі.Осы орайда Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы бұл бастамаларды толығымен қолдап, алға қойылған тапсырмаларды орындау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

«Бүгінгі сарбаз – ертеңгі офицер. Сондықтан жас буынға патриоттық тәрбие беру, оларды отансүйгіштікке, тәртіп пен адалдыққа баулу біздің басты міндетіміздің бірі. Қолбасшылық құрам жеке құрам арасында тұрақты түрде тәрбие жұмыстарын жүргізіп, олардың кәсіби және моральдық деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөледі.Сонымен қатар, Жолдауда көтерілген цифрлық трансформацияға сәйкес, Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде заманауи технологияларды енгізу, байланыс пен басқару жүйелерін жетілдіру бағытында жұмыстар күшейтіледі», - деді генерал-майор.

Оның пікірінше, бұл – әскери қызметтің тиімділігін арттырып қана қоймай, жауынгерлік дайындықты жаңа деңгейге көтереді.

«Жолдау еліміздің болашағына деген сенімді нығайтып, әрбір азаматты жаңа белестерге жетелейді», - деді С. Шекарбеков.