Жетісу облысында 60-тан астам жұмысшыға жалақы төлемеген кәсіпорын жауапқа тартылды
Жетісу облысында еңбек заңнамасының бұзылуына жол бермеу мақсатында жүргізілген тексерістер нәтижесінде прокурорлардың араласуымен қызметкерлерге 30 миллион теңгеден астам жалақы және үстеме жұмыс үшін төленуі тиіс ақшалай қаражат өтелді, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Прокурорлар анықтағандай, «Жаркент Фрукт» ЖШС-гі 66 жұмысшыға 16 млн теңгеден астам жалақы төлемей, олардың құқықтарын бұзған.
Сонымен қатар жұмысты белгіленген кестеден тыс орындаған 115 медицина қызметкерінің құқығы бұзылғаны анықталды. Бірақ Текелі қалалық ауруханасы оларға үстеме жұмыс үшін 15 млн теңгеден астам ақша төлемеген.
Панфилов ауданы мен Текелі қаласы прокурорларының қадағалау актілері бойынша жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жұмысшылардың еңбегі толық төленді. Осылайша 181 адамның конституциялық құқығы қорғалды.