Әртүрлі

Жетісу облысында 4 мың тонна күріш жинау жоспарланып отыр

Биыл күріш егістігі 116 гектарға артып, нәтижесінде 1 мың 181 гектарды құрады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Нәтижесінде 4 мың тоннаға жуық өнім алынады деп күтілуде. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Увалиевтің айтуынша, былтыр орта есеппен гектарына 30-31 центнер өнім алса, биыл кейбір шаруашылықтарда шығымдылық 35-36 центнерге дейін көтерілген. Бұған суару арналарын механикалық тазалау жұмыстары да септігін тигізген. Нәтижесінде суару суы уақытылы және қажетті көлемде берілді. Жалпы, келер жылы каналдарды тазалау, бетондау жұмыстары жалғасады.

Қаратал ауданында барлығы 9 ауылшаруашылық кәсіпорны мен шаруа қожалықтары күріш өсірумен айналысады. Соның бірі – «Опытное» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі. Олардың егістік алқаптарында орақ жұмыстары қызу жүріп жатыр. Күріш өткен аптада төгілген, қазір жинау жұмыстары жалғасуда

Науқандық жұмысқа 12 арнайы техника мен 22 адам жұмылдырылды. Ауданда күріш шаруашылығын дамыту мақсатында құрылған сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейді. Мұнда қазіргі таңда 14 арнайы техника бар.

«Күріш – құнарлы дақыл. Сондықтан себу кезінде барлық факторды, соның ішінде топырақ құнарлығын және аймақтың климаттық ерекшеліктерін ескеру қажет. Биыл бұл дақылға 300 гектардай жер бөлдік. Егістікке Қызылордадан сатып алынған «Янтарь» сортты күріш егілді. Ол құнды сапалы сорттар тізіміне енгізілген және тұзға төзімділер тобына жатады. Сондай-ақ өну кезінде бұл сорт төмен температураға орташа төзімді. Биыл суару суынан еш қиындық болған жоқ. Соған орай өнім де жақсы болады деп күтудеміз, - деді «Опытное» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары Ермек Құрманбеков.