Желіде «Атамекен» палатасының атынан инвестициялық жоба туралы жалған хабарлама тарады
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шындыққа жанаспайтын мәліметтер көрсетілген бейнероликтердің таралып жатқанын ескертті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бұл бейнероликтің мазмұны шындыққа жанаспайды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ешқандай қаржы жинауды жүргізбейді. Мұндай схемаларға қатысу қолма-қол ақшаның жоғалуына не жеке деректердің таралуына әкелуі мүмкін. Егер осындай күдікті ұсыныстар болса, құқық қорғау органдарына хабарласуыңызды сұраймыз», - делінген хабарламада.
Аталған материалды тарату фактісі бойынша құқық қорғау органдарына хабарланды.
«Атамекен» ҰКП бастамалары мен қызметтері туралы барлық ақпарат тек ресми ресурстарда жарияланады. Бұған қоса 1432 нөмірі бойынша call-орталыққа қоңырау шалып, ақпаратты анықтауға болады.