Жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы: 7,5 мыңға жуық шаруа қаржыландырылды
Жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша 490 млрд теңгеден астам сомаға 7,5 мыңға жуық шаруа қаржыландырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл көктемгі дала және жиын-терім жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Фермерлерге бұл қаражат субсидиялаудың арнайы тетігінің арқасында жылдық 5%-дық төмендетілген мөлшерлеме бойынша түседі.
Бүгінгі таңда жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы бойынша 500 млрд теңгеге жуық сомаға 7 543 өтінім берілді, оның ішінде 490,1 млрд теңгеге 7 485 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржыландырылды, бұл 7,8 млн га егістік алқапты қамтуды қамтамасыз етеді.
Оған қосымша «Даму» КДҚ» АҚ-ның қарыздарға кепілдік беру бағдарламасы жұмыс істейді. Ол кепілдік базасы жеткіліксіз фермерлер үшін кредит сомасының 85%-на дейін жабады. Осы бағдарлама шеңберінде 226,1 млрд теңге сомасына 1 304 кепілдік берілді, ал берілген қарыздардың жалпы көлемі 192,2 млрд теңгені құрады.
Жалпы алғанда 2025 жылы жеңілдетілген қаржыландыру тетігі арқылы кемінде 8 млн га егістік алқапты қамту жоспарланып отыр.