Жасындай жарқ еткен жұлдыз
Бүгін, яғни, 19 шілде – мәнерлеп сырғанаудың жарық жұлдызы Денис Теннің кісі қолынан қапыда мерт болған күні. Осы қайғылы оқиғадан бері 6 жыл өтсе де, сол қаралы күн дәл бүгінгідей көз алдымда. Алматының көк аспаны қара жамылған күні сонау батыстағы ауа-райы да күрт құбылып, өзінше тосын мінез танытқан еді. Сол күні жүрегіміз қан жылап отырып жазған естелігімізді араға 6 жыл салып, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Кейде «Мынау ғазиз дүние-ай!» деп іштен тынасың...
Сол күні шіліңгір шілденің аспан айналып жерге түсер ми қайнатар аптап ыстығына қарамастан батыста таң қылаң бере ерекше бір дауыл тұрды. Дала от болып жанып тұрса да, осы дауылдың әсерінен біраз уақытқа дейін денеміз түршігіп, тітіркеніп қалған. Дауыл арты ысқырық жел мен әр жерде шыр айналған шағын құйынға ұласып, біраздан соң басылды.
– Бүгін табиғаттың құбылуын-ай! Шіліңгір шілдеде «тосын мінез» танытуын қарашы. Әдетте, аптап ыстықта мұндай болмаушы еді. Ауа райының мұндай құбылысын бірінші рет көріп тұрмын. Жақсылық болса, игі еді, – деді алпысты алқымдаған шопыр ағасы көлігін от алдырып жатып.
Ауа райы демекші, табиғаттың мұндай «тосын мінез» танытатынын тиісті сала мамандары алдын ала хабарламаған еді. Жаңалықтар таспасында да көзіміз шалмаған. Кешкілік қалтафонымыздан ертеңгі ауа райын қарағанымызда, күндегідей «күн ашық болады» деп тұрған.
– Бүгін де күн қатты ыстық болғалы тұр, – деді жүргізуші, – Шаңдатқан дауылға қарамастан таң алакеуімнен күн тас төбеге шығып алыпты.
Арада екі-үш сағат уақыт өткен. Қызмет бабымен Орал қаласына ауысып келгенімізге тура үшінші күн. Батыстық әріптестерімізбен танысып, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап отырғанбыз. Бір кезде аяқ астынан терезенің әйнектерін сындырардай болып сатыр-сұтыр жаңбыр құйды да кетті. Бәріміз терезеге жалт қарадық. Кәдімгі ақ жауын. Шелектеп құйып тұр.
– Қызық, аспанда шөкімдей болса да, бірде-бір бұлт жоқ. Бірақ, жаңбыр жауып тұр. Күн де өз орнында, – деді әріптестеріміздің бірі терезенің желкөзін жауып жатып.
– Денис Тен кісі қолынан қаза тауыпты, – деді артынша тағы бір әріптесіміз жұлып алғандай телефонына үңіліп.
Біреу төбемізден сұйық су құйып жібергендей болды. Денемізді әлдебір түсініксіз сезім билеп, мең-зең болдық та қалдық.
Бәсе, таңнан бері табиғаттың «тосын мінез» танытуы бекер емес екен. Айналдырған үш-төрт сағаттың ішінде біресе дауылдатып, біресе құйындатып, артынан ақ жауынға ұласуы – өзінше қарсыласып, арпалысуы секілді. Мүмкін, шіліңгір шілдедегі «тосын мінезі» арқылы бізге бірдеңе ескерткісі келді ме екен?!
Осылай, қалың ой құшағында тұрғанымызда зеңгір көкті екіге бөліп жіберердей болып бірнеше рет жасын ойнады. Ақ жауын да күшейе түскен. Тек біз ғана емес, табиғат та жылап, батыр ұлмен қимай қоштасып жатқан сияқты...
Бұл – 2018 жылдың 19 шілдесі еді.
Әлі күнге дейін есімізде. Мәнерлеп сырғанаудан қазақ елінің абыройын асқақтатып, әлемдік аренада талай рет ел намысын қорғаған, көк туымызды көкке желбіреткен біртуар спортшы Денис Теннен қапыда айрылып қалған қаралы күнді қалайша ұмытайық?!
Бірнеше дүркін Олимпиада жүлдегері не бәрі 25 жасында қарақшылардың қолынан қаза тапты. Бейсенбі күні түске таяу жеткен бұл суық хабар бүкіл қазақ елінің қабырғасын қайыстырды. Күллі жұрт алтындай ұлын жоқтап қалды. Жалындап тұрған, жарқырап тұрған спортшымыздың орны толмас қазасына сенгіміз келмейді. Көз көріп, құлақ естігенмен, көңіл сенбейді. Жүрек жылайды.
Кішкентайынан өмірін спортқа арнап, не бәрі 13 жасында әлемге танылып, «Мәнерлеп сырғанаудың ханзадасы» деген атқа ие болған жарық жұлдыз Денис Тенмен әлі де кездесудің сәті түседі, қазақ халқы әлі талай жеңісті күндеріне куә болады деп ойлаушы едім. Жанарымды жасқа малып отырып ол туралы естелік жазамын деп кім ойлаған? Амал нешік, айтып келмейтін ажалға шараң бар ма? Жасындай жарқ етті де қапыда қан жұтқызып кетті.
Бәрі күні кешегідей көз алдымда. Дениспен ең алғашқы рет осыдан он бір жыл бұрын, яғни, 2011 жылы жақынырақ танысудың сәті түсті. Сол жылы елімізде ақ Азиада ойындары өтіп жатқан болатын. Ол кезде мен елордамыздағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде студентпін әрі республикалық «Ел» газетінде еңбек етемін. Бәріміздің, яғни, журналистердің елімізде алғаш өтіп жатқан дүбірге толы доданы насихаттау мақсатында спорттық нысандардың арасында жүгіріп жүрген кезіміз. Сондай күндердің бірі – 4-ші ақпанда басылымның бас редакторы Динара Бітікова, бөлім меңгерушісі Гүлайым Оралбаева және мен «Сарыарқа» республикалық велотрегіне мәнерлеп сырғанаудан өтіп жатқан жарысты тамашалауға келдік. Ашығын айтайын, бұрын мұндай үлкен спорттық сайыстардың көрермені болып көрмегенмін. Сондықтан да болар, әлемдік деңгейдегі додада еліміздің намысын қорғап жатқан Абзал Рахымғалиев пен Денис Тенге қолдау білдіріп, жанкүйер боламын деп сол күні тамағым бітіп, бірнеше күн бойына дауысымның шықпай қалғаны бар.
Сол күні мұз үстінде чемпиондық атақ үшін жан алысып, жан беріскен сәт болды. Бәрі шетінен мықты. Кілең – «сен тұр, мен атайындар». Әсіресе, ақтық сында қытайлық Нан Сонг пен жапон спортшысы Тацуки Макида және өзіміздің Денис Тен арасындағы тайталас қыза түсті. Финалда өнер көрсету барысында Денис мұз үстіне шыққан бойда жолы болмай, құлап қалды. Еліміздің абыройы сынға түсіп жатқан тартысты шақта бұл спортшының өзін ғана емес, бізді, яғни, көрермендерді де тығырыққа тіреді.
– Денис, алға! – деп орнымыздан қалай тұрып кеткенімізді білмей қаламыз. Бәріміздің жан дауысымыз шығады. Дүбірлі доданы жүргізіп отырған диктор: «Тен әлемдегі санаулы ғана мәнерлеп сырғанаушы орындаған ең күрделі «Бейман» биін орындайды» дегенде, жүрегіміз одан сайын өрекпи түседі.
«Жұдырықтай ғана ұл «Бейман» шыңын бағындыра алады ма екен?» деп уайымдаймыз. Денистің мұз бетіндегі әр сәтіне жанымызды салып қараймыз. Айнадай болып жылтырап жатқан айдын үстінде өзіміз жүргендейміз.
«Иә, Алла сәтін сала көр!», деп тілейміз ішімізден.
Содан, не керек, сол күні мәнерлеп сырғанаудан өткен жарыс аяқталғанша жүрегіміз ауызымызға тығылып, қобалжумен болдық. Сол кезде не бары 17 жастағы өрімдей спортшы өзіне артылған сенім мен үмітті ақтап, екі кезеңнің қорытындысы бойынша 208,89 ұпай жинап, чемпион атанғанда жүрегіміз жарылардай қуандық. Бір-бірімізді құшақтап, мәре-сәре болып құттықтап жатырмыз. Құдды, өзіміз жеңімпаз атанған сияқтымыз.
Осылайша, ақ Азиада ойындарының мәнерлеп сырғанаудан өткен додасы мәреге жетіп, марапаттау салтанаты да аяқталды. Көрермендер қайтуға жиналып, шығар есікке қарай ағылып жатыр.
– Денисті құттықтап, сұхбат алайық, – деді әріптесіміз Гүлайым Жамбылқызы.
Бас редакторымыз қазір спортшымен тілдесу мүмкін еместігін айтса да, әріптесіміз екеуміз алған бетімізден қайтпаймыз. Сайыс өткен залдан шығып, спортшылардың орналасқан бөлмелерін іздеп келеміз. Үлкен дәлізде қараңдаған тірі жан көрінбейді. Келесі секторға өте бергенімізде, Денистің жаттықтырушысын көзіміз шалып қалды. Жүгіріп жеттік. Иә, жаттықтырушы Дениске бөлінген дайындық бөлмесінің алдында оның киім ауыстырып болғанын күтіп тұр екен. Алдына еңгезердей екі жігіттен күзет қойылыпты. Біздің журналист екенімізді естіген америкалық бапкер Фрэнк Кэролл баспасөз мәслихатының ертең өтетіндігін айтып, үзілді-кесілді қарсы болды. Біз болсақ, ертең газеттің кезекті саны шығатынын, шағын сұхбат дайындап, түнделетіп болса да нөмірге үлгертіп салып жібергіміз келетінін айтып жатырмыз. Ол қарсыласып әлек. Жаттықтырушымен сөз бұйдаласып тұрғанымызда, есік ашылып, Денистің өзі де көрінді. Дауысымыз қатты шығып кетсе керек, чемпионның түрінен «Бұл не шу?» деген таңданысты бірден байқадық. Күлімдеген қалпы жанымызға келген ол бәрімізбен жеке-жеке танысып шықты. Құттықтауымызды қабыл алып, алғысын жеткізді. Өзін арнайы іздеп тауып, басқалардан бөлек құттықтағанымызға риза болғанын айтты. Біз болсақ, жан-жақтан сұрақтың астына алудамыз. Ентігін жаңа ғана басқан бозбала жүзі бал-бұл жайнап, әрбір сұраққа салмақты жауап қайтарды.
– Халқыңның үмітін ақтап, Азиада ойындарың чемпионы атандың. Кеудеңді қандай сезім кернейді? – дедім мен алғашқы сұрағымды әріптестеріммен жарыса қойып. Бұл сауалыма:
– Мен мұндай бақыт сезімі барын бұрын сезінбеген екенмін. Бақыттан, тіпті, басым айналатын сияқты. Азиада басталғанға дейінгі соңғы айларда тыным таппастан жаттықтым. Қатты шаршадым, бірақ, менің көп күш салғаным чемпион атануыма септігін тигізді. Сол шаршағанымның барлығы бақыттың дәмін сезінгенде ұмытылып та кетті. Елім маған үлкен үміт артты, соны ақтағанымды ойласам, мақтанып та кетемін. Көзіме жас келіп тұр. Бұрын-соңды спортшылардан «жеңіс дәмі» ештеңеге ұқсамайтын тәтті болады дегенді естіп, түсінбейтінмін. Бүгін сол жеңіс дәмін өзім татып, ағаларымның айтқанына көз жеткізіп тұрмын. Бұл өмірімдегі ең тәтті сәт. Мен шексіз бақыттымын! – деп жауап берген Денистен әлі де балалықтың лебі есетінін байқағандай болдық. Әйтсе де, дана қазақ мұндайда: «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа ғой» демеуші ме еді? Алшысынан түскен сақадай еліміздің көк туын желбіреткен, ұлты кәріс болса да, жүрегі қазақ деп соққан оған дән риза болдық.
– Қарсыластарымның екеуі де мықты спортшылар екенін мойындаймын. Бірақ, оларға баға беретін мен емес. Қазылар алқасы. Олар менен төмен баға алып жатса, сарапшылардың шешімі. Ал менің ең басты қарсыласым ол – өзім. Мен өзімді өзім жеңіп шығуым керек болды. Себебі, жарысқа аз уақыт қалғанда қатты жарақат алдым. Сондықтан өзімді жеңе білуіммен өзгелерге де өз талантымды мойындаттым деп ойлаймын. Мен қазақ елінің абыройы үшін бәріне дайынмын! Бәрінен бұрын мен қазақпын! – деген сөзінен де өз жігерін жани білетін, қазақ топырағының қасиеті сіңген рухты спортшы екенін аңғару қиын емес еді.
Оның: «Бәрінен бұрын мен қазақпын!» дегеніне бір жағынан таңғалдық, бір жағынан марқайдық. Біздің таңданысымызды өзі де сезді-ау деймін, жымия қарады да, сөзін одан әрі жалғай кетті:
– Мен шетелде тек мамандар мен бапкерлер үшін, тек қана кәсіби атмосфера үшін боламын, – деді ол, – Иә, қайталап айтайын. Бәрінен бұрын мен қазақпын. Барлық ой мен түсінігім бойынша мен сондаймын. Себебі, мен осында дүниеге келдім. Шешім қабылдағанда да осындағы күйіме жүгінемін. Патриотизм – рухани термин. Өз еліңді, Отаныңды сүю керек, сыйлау керек. Бірақ, мен еліме деген махаббатты сөзбен өлшемеймін. Іспен дәлелдеуге тырысамын. Бұл, мысалы, көшеде келе жатып қоқыс тастамау сияқты қарапайым дүниелер.
Үлкен додаға туған елінде түскен Дениске жанкүйерлерінің қолдауы қанат бітіргені ақиқат. «Алға, Денис!» деген сайын алқынған жүрегін басуға тырысып, ойламаған жерден құлап қалғанда да, атына қарғып мінген батырлардай еңсесін тез көтеріп алғанына қалайша риза болмайсың?! Жарысқа түспес бұрын алған жарақатына қарамастан елінің сенімінен шығуды ғана көздеген намысшыл жігіттің жігеріне қайран қаласың. Осылайша, Денис бізге сәл болса да уақыт бөліп, кетерімізде жылы қоштасты.
Сол күні мәнерлеп сырғанаудан өткен додадан алған әсерімнен айыға алмай, түнімен шығармашылық толғаныс үстінде болдым. Дениспен сол кештегі әңгіме барысында жазылған сұхбатқа: «Менің ең басты қарсыласым ол – өзім» деген тақырып қойып, нөмірге үлгертіп бердім. Таңға дейін көз ілмей, «Қуаныш жасы» атты толғау өлеңді қалай жазып тастағанымды да аңғармай қалдым. Ертеңіне сол өлеңімді бас редакторыма ұсынып едім, ол үнсіз оқып шықты да, бір сөзге келместен және оның ұзақтау болғандығына қарамастан біздің медиахолдингтен шығатын «Елбесік» журналының баспаға кеткелі жатқан нөміріне салғызып жіберді.
Жасыратыны жоқ, сол кезде «өлең жаздым» деп кеудемізді қағып, әлдеғандай болғанымызбен, қазір сол дүниемізді қайта оқып қарасақ, «өлең» деуге келмейтін шылдыр-шатпақ бірдеңе. Жастықтың буымен бе әлде жарыстан алған әсерімізден айыға алмай, толқып отырып мән бермеген секілдіміз.
Осы оқиғадан кейін біраз уақыт өткен соң әлгі өлеңді аталған басылымнан көрген университет басшылығы оны мен оқитын факультеттің деканатына тез арада орысшаға аудартуға тапсырма беріпті. Студент болған соң, өзім тікелей араласа қойғаным жоқ. Тек бұрыннан тәжірибесі бар маман аударып, оны Спорт комитетіне, кейіннен Денис Теннің өзіне жеткізіліп берілген деп естідім.
Осылай күндер өтіп жатқан. Бірде әлдебір жеткізу қызметінен бейтаныс кісі қоңырау шалып, менің атыма жазылған конвертті табыстау керектігін айтты. Жұмыс орныма келген ол қолыма «аманатты» ұстатты. Жалма-жан ішін ашып қарасам, Дениске арналған өлеңімнің орысша аудармасы екен. Мен ол аударма туралы мүлдем ұмытып кеткенмін. Оқып шығып, келесі бетін қарасам, «Дорогой Нурсултан!» деп басталатын қолтаңба тұр.
Денис Теннен екен!
Менің өлеңімнің аудармасын ыстық ықыласпен оқып шыққандығын, қатты риза болғандығын жазыпты. «Көп көрермендер сайыс барысында спортшының басынан өткізетін қиындығын, ішкі жан-дүниесінің арпалысын мүлдем сезінбейді деуге болады. Сенің өлеңіңді оқып отырып, сол күні сен де мен сияқты іштей арпалысып, мен секілді қобалжып, менімен бірге қиналғаныңды сездім. Әрине, аударма түпнұсқаға жете қоймас. Бірақ, мына өлеңіңді оқып саған деген алғыс сезімімді, қуанышымды қалай жеткізерімді білмей отырмын» деп бастап, әрі қарай ақ тілегін арнапты. Сол күні төбем көкке жеткендей қуандым. Атағы алты құрлықтан асқан спортшының қарапайымдылығына тәнті болдым.
Келесі жылы қаңтар айында бұл өлеңімді республикалық «Қазақ спорты» газеті сұратып алып, қайта басты. Көп ұзамай Денис қоңырау шалды.
– Газетті көрдім, рақмет айтайын деп едім, – дейді. Риза болып қалдым. Ұзақ әңгіме айттық. Азиада ойындары өткен сол бір күнді қайтадан еске алып, санамызда жаңғырттық.
Арада үш-төрт ай өткенде «Бейбітшілік және келісім сарайында» өткен мерекелік шарада кездесіп қалдық. Бірден тани кетті. Жылы амандасып, оңашалау жерге шығып біраз сыр ақтардық. Сонда балалық шағы, спорттық мансабы, өміріндегі қиындықтары туралы ағынан жарылып тұрып көптеген әңгімелер айтып еді. Оның сол кездегі айтқан әңгімелері, бет-бейнесі, жылы жымиысы, құлаққа жағымды дауысы мен риясыз күлкісі әлі күнге дейін құлағымда жаңғырып тұр. Арада қанша жыл өтсе де, оның сол кездесуде айтқан әрбір сөзін қайталап, жатқа айтып беруге дайынмын.
– Біз қайтадан тұру үшін құлаймыз, – деген еді Денис сол кездесуде, – Өзім де бірнеше рет құлап тұрғанмын. Менде барлығы секілді балалық болған жоқ. Кей кездері киноға баруға, достарыммен қыдыруға уақыт таба алмадым, бірақ, не десе де ол менің балалық шағым. Бала кезімде өте қырсық едім. Бір нәрсені қаласам, соны істемей не алмай қоймайтынмын. Ағамды қазір аяймын, себебі, барлық еркелігімді көтеріпті. Уақыт өтіп, ол ер жеткенде маған пәрмен беріп, басқаруды шығарды. Ағам Леша өте талантты спортшы еді. Күрес үйірмесіне барғанда, тіпті, оны жаттықтырушысы жыға алмайтын. Бірақ, ол алдына мен секілді мақсаттар қоя алмады. Спорттан гөрі, сымдармен отырған ұнайтын. Компьютердің құрылысын жақсы түсінетін. Біздің үйде «отбасымызда біреуі – спортшы, келесісі – ақылды» деген әзіл бар-тын. Мен энергияға өте бай бала едім. Сол тасып жатқан энергияны ата-анам дұрыс бағытқа жұмсағысы келді. Акробатика, би, суда жүзу, таэквандо, теннис пен музыка мектебінің үйірмесіне қатысатынмын. Бұл тізімге мәнерлеп сырғанауды да қосып қойыңыз. Ол кезде әрбір минутым есептеулі еді.
Осылай деген ол ұзақ ойға шомып, үнсіз қалды. Сосын әңгімесін қайта жалғады:
– Алғаш рет конькиді бес жасымда кидім. Өзімді мұзда кроссовкамен жүрген секілді сезіндім. Өте жақсы сырғанап жүрмін деп ойлағанмын. Бірінші рет құлағанымда, қатты ауыратынын түсіндім. Сол күннен бастап, құлағандарға күлмейтін болдым. Алғаш жаттығып жүрген кезімді ұмытпаймын. Жаздың күндері мұз болмағандықтан, сауда үйлеріндегі мұз айдындарында жаттығатын едік. Ол кездері ашық аспан астында ғана мұз айдындары бар болды. Қыз мезгілі болғандықтан, өте суық болатын. Сондықтан анам тоңып қалмас үшін үш қабат шалбар кигізетін. Мен орамжапырақ сияқты болдым. Осылай екі айналып секіруді үйрендім. Сол орамжапырақ кезімнен әлем чемпионатының күміс жүлдесіне дейін ұзақ жол жүріп өттім, – деген чемпион мектепке баратын уақыты аз болғанына қарамай, үштік алып көрмегенін де атап өткен болатын.
Денис 10 жасында отбасымен Мәскеуге көшеді. Бірақ, ол жақта өте қиын болыпты. Тұратын жерлері жоқ, күнделікті тамақ пен киім де тапшы... Ешкімнен ешқандай көмек болмаған. Барлық мәселені анасы екеуі ғана шешіпті. «Бірақ, алғашқы халықаралық жарыстағы жеңісімнен кейін Қазақстан белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Еліме көп-көп рахмет! Мені Татьяна Тарасова, Елена Водорезова секілді адамдармен тоғыстырған тағыдырыма алғысым шексіз! Менен спортшы жасаған осы адамдарға шын жүрегіммен рахмет айтқым келеді», – дейді ол өткен күндеріне бір сәт көз жүгіртіп.
Бір кездері Денис жеке өміріндегі қиындықтарға байланысты спорттан қол үзе жаздапты. Оған жаттықтырушысы Водорезова да қарсы болмаған. Сол сәтте зілтемірші Илья Ильиннің бір ауыз сөзі оны райынан қайтарып, спортта қалуына септігін тигізіпті.
– Өмірде әрбір спортшының биікке өрлеуімен қатар, құлауы да бар. Тұруды үйренсең, сенен жақсы спортшы шығады, – депті оған Ильин.
– Осылайша, Ванкувер олимпиадасына мәнерлеп сырғанаудың жанкүйері ретінде бардым. Сосын көп ойланып бір шешімге келдім. АҚШ-қа кетуім – өте қиын шешім болды. Мен артымда түгел бір команда тұрған спортшы емеспін ғой. Таныс емес ел, оның үстіне менің ағылшыншам да нашар еді. Тұратын жер табудың өзі қиын болды. Соған қарамастан, бас тартпадым. Кейін келе барлық мәселе уақыт өте біртіндеп шешіле бастады, – деді кейіпкеріміз.
Ванкувер олимпиадасынан кейін бапкерсіз қалған Д. Тен ойлана келе, Фрэнк Кэроллмен жаттыққанды дұрыс деп шешеді. Соның шеберлігінің арқасында кәсіби спортшы болып шыға келіпті.
– Америкадағы өмірім былай болды, – дейді ол күліп, – таңғы сегізде үйден шығамын, ал кешкі тоғызда жаттығудан қайтамын. Күн сайынғы тірлігім – осы!
Жетістікке жету үшін көп нәрседен бас тартуға тура келеді ғой. Денисте де тура сондай болған. Көп нәрседен қол үзген. Мәселен, күн сайынғы жаттығудан достарымен киноға баруға уақыт таба алмай қалады екен. Лос-Анджелесте тұрған бес жылда бірде-бір рет үйінің жанында тиіп тұрған Диснейлендке барып көрмепті. «Әзірге спортшымын және менің жұмысым – еліме медаль әкелу. Ал қалғаны күте тұрады», деп өз-өзіне шарт қойған көрінеді.
– Бір мақсатқа жету үшін өте көп жұмыс істеуге тура келеді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, әлем чемпионатының бір күмісі үшін 15 жылымды мұз айдынында өткіздім. Аз уақыт емес, иә? Бүгін бір нәрсені құрбан етсең, ертең ол міндетті түрде жақсылық болып қайтады. Бір жетістікке жету үшін міндетті түрде еңбекпен ақысын өтеуің керек! Ең басты қарсылас ол – өзің! Бірінші өзіңді жеңіп ал, сосын жүлделер туралы ойлануға болады, – дегені тек өзіне ғана жарасымды еді!
Сөз арасында Денис мәнерлеп сырғанаушы Алексей Ягудинді пір тұтатынына тоқталған. Осы спорт түрінен хабары бар жан мәнерлеп сырғанаудың әлемдік жұлдызы Мао Асада аптасына жеті күн жаттығу жасайтынын біледі. Біздің мақтанышымыз болса, оның қасында қатты ұялатынын, өзін жаттығу кезінде түк те жұмыс істемей жүрген сияқты сезінетінін бірнеше рет қайталап айтқан. Бірақ, сонда да: «Өз жұмысымның жанкүйерімін, барлық сырым осында жатыр. Жаттыққанды өте жақсы көремін. Жанымды, барлық күш-жігерімді салып жүрген мәнерлеп сырғанауда ең жоғары биіктерге шыққым келеді. Соңында қол жеткізе алмаған армандарым үшін өкінгім келмейді», дейді нақтылап.
«Әлемдік мәнерлеп сырғанауда өзімнің елімнің атын шығаруға себепші болып жүргеніме бақыттымын!» деп кеудесін қуаныш сезімі кернеген Денистің өмірінде әртүрлі келеңсіз оқиғалар болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Осы туралы сұрағанымда:
– Бұл өмір емес пе? Өмірде бәрі де болуы мүмкін. Ертеңгілік алдыңнан не шығарын білмейсің. Маған кәсіпкер Аристотель Онассистің: «Біз өзімізді үміттен босатайықшы. Теңіз де бір күні тыныш табады. Қатты жел күні жүзіп үйрену де керек», деген тамаша сөзі ұнайды. Айтқым келгені, жаман тәжірибе – жаңа нәрсеге үйретеді, ал жақсысы – жасаған жұмысыңның одан әрі жылжуына сеп болады, – деп жылы жымиған.
Оның бір жарыстағы жеңісінен кейін халықаралық деңгейдегі аса құрметті бір адам: «Турнирді «өмірде жоқ мемлекеттің» адамы ұтып алды» депті. Оны естіген Денис: «Бір күні Қазақстанның атын халықаралық деңгейде шығарамын», деп өзіне уәде беріпті. «Осы уәдем орындалғанда, елім үшін бойымды мақтаныш сезімі кернеді», дейді.
Мәнерлеп сырғанаушы шетелде көп жүргендіктен, оған Борат туралы сұрақтар жиі қойылады екен. Сонда спортшы оларды бірден орнына қоятын көрінеді. Ол фильмнің Румынияда түсірілгенін және біздің елге ешқандай қатысы жоғын айтып, телефонынан Қазақстанның суреттерін көрсетіп, мемлекетіміз туралы сағаттап әңгімелеп беруден жалықпайды.
– Мен – өз елімнің патриотымын! Елім маған барлық мүмкіндіктерді беріп, бүгінгі күнге жеткізді. Иә, мен шетелде жаттығамын. Бірақ, барлық жоспарларым отбасыммен, еліммен тікелей байланысты. Мен жеңсем – Қазақстанның әнұраны орындалады! Қазақстан – мен үшін нөмірі бірінші мемлекет. Үйге оралғанымда, Алматының сұлулығына көзім тоймайды. Осы әсем қалада көп уақыт бола алмайтыныма қынжыламын. Әр келген сайын бойымды қуаныш билейді, ал кетер кезде көзімде жас тұнады. Мұндағы адамдар бір-бірінің жеңісі үшін шын қуана алады. Дәл мұндай жандарды әлемнің басқа жерінен кездестіре алмадым, – дейді спортшы ағынан жарылып.
– Соңғы сауал. Өмірдегі мақсатың қандай? – дедім оған қалта телефонына қоңырау шалған достарының күтіп отырғанын естіп.
– Өмірдегі мақсатым – бай болу, – деп күліп жіберді, – Әрине, әзіл, – деді артынша езу тартып, – Ең бастысы – отбасым және болашақ жеке отбасым бақытты болғанын қалаймын. Ал қазір менің «сүйіктім» – спорт. Барлық энергиямды, барлық уақытымды мәнерлеп сырғанауға арнап жүрмін. Спорттық мансабымды аяқтаған соң, өмірімді шығармашылықпен байланыстырғым келеді. Бұрын өзімнен әртісті, режиссерді көретінмін, ал қазір музыкант болғым келеді. Спорттық жолым әйтеуір бір күні аяқталатыны белгілі, ал музыка мектебінде оқу ешқашан кеш болмайды. Ән айтқанды жақсы көремін. Музыка мектебінде фортепианода ойнауды үйренгенмін, бірақ, әрине, жан-тәніммен берілген жоқпын. Бала кезімде классикалық музыканы ұнатпайтын едім. Өсе келе, нағыз жанкүйеріне айналдым.
Әңгіме барысында Денистің жаттығуға шындап ден қойған 10 жасынан бастап өзі шешім қабылдап үйренгеніне көз жеткіздім. Стефан Ламбьель бірге жұмыс жасаған кезінде оны әзілдеп «мәнерлеп сырғанаудың уикипедиясы» деп атайды екен. Себебі, ол 1995 жылдан бастап осы спорт түріндегі барлық жаңалықты, статистиканы жатқа біледі. Мәскеуде жаттығып жүргенінде телефонына сол уақыттағы ең мықты деген спортшылардың прокатын жүктеп алып, конькиін киіп жатқанда да көз алмай қарайтын болыпты.
– Себебі, өмірімде мәнерлеп сырғанаудан басқа ештеңе болған жоқ. Америкаға барғанда да солай болды. «Бүгінгі жетістігіме жеткізді» деп бір жаттықтырушыны бөліп-жарып айта алмаймын. Қазір ойласам, мені бүгінге күнге жеткізген адамдар менің ойлағанымнан да көп екен. Әуелі ата-анамнан бастайыншы. Әкем өз қолымен конькиімді қайрап беретін, тіпті, арнайы қайрайтын білгек сатып алып, конькиді қалай қайраған дұрыс болатынын оқулықтардан оқып үйреніп жүретін. Ал анам болса, барлық үйірмелерге өзі апаратын. Менің анам – менің менеджерім, менің бапкерім, менің ас әзірлеушім, бір сөзбен айтқанда – «әмбебап» жан болды. Сондай-ақ, туыстарыма шыдамдары мен сенімдері үшін алғысым шексіз. Біздің үйге алғашқылардың бірі болып сандық теледидар орнатылды. Телеарналардан мәнерлеп сырғанау турнирлерін көру үшін ата-анамның алып жүргені ғой. Осылайша, спортқа толық ден қоюыма отбасым жан-тәнімен кірісті. Бүгінгі күні де менің дайындығым үшін көптеген адамдар еңбек етіп келеді. Спорттағы жетістік – карта үйі секілді. Бір картаны алып тастасаңыз, барлық үй бұзылады, – деген қоштасарда.
Онымен осы кездесуден кейін ұзақ ойға шомып, жас та болса, бойындағы ақылы мен талантына, жігері мен қайратына тәнті бола түскенмін. Бүгінде қарап отырсам, «спорттық мансабым аяқталған соң, музыкант боламын» деген арманына жете алмай кеткені қандай өкінішті!
Сөзсіз, одан керемет музыкант шығатын еді!
Әлем мойындаған спортшымен аталмыш кездесуден кейін мен денсаулық жағдайыма байланысты қызметтен ұзақ уақытқа қол үзіп қалдым. Одан алынған сұхбат та қағаз бетіне түспей қалды. Сол күнгі кездесу – соңғы кездесуіміз боларын кім білген?!
Дениспен сөйлескен, кездескен сайын оның қарапайымдылығына, кәріс баласы болса да, жүрегі қазақ деп соғатын елжандылығына қарап бір марқайып қалушы едік. Амалымыз қанша? Ажалға қарсы тұрар айламыз бар ма?
Мәнерлеп сырғанау бойынша Қазақстанның атынан ең бірінші болып әлемдік додаға қатысқан спортшы, Корей империясы кезінде даңқты қолбасшы болған генерал Мин Гын Хоның ұрпағы, VII қысқы Азия ойындарында мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның үш дүркін чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс медаль жүлдегері, 2014 жылы мәнерлеп сырғанаудан Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері бүгін ортамызда жоқ болса да, оны еске алып жоқтаған сағыныш хаттары әлі күнге дейін бір толастаған емес.
Денис Теннің Instagram парақшасындағы ең соңғы салынған суретінің (2018 жылдың 17 шілдесінде, қайғылы оқиғадан 2 күн бұрын жүктеген – Н.М.) астына адамдардың: «Біз сені ешқашан ұмытпаймыз!» деген жаңа жазбаларын күн сайын көруге болады. Теннің парақшасын әлі күнге дейін 209 мың адам оқиды екен.
Бір өкініштісі, бұған дейін де талай спортшымыз кісі қолынан қаза тапты. Талай чемпионымыз соққыға жығылды. Міне, мұндай қайғылы жағдаймен тағы да бетпе-бет келдік. Аса ауыр қайғы еңсемізді басып барады.
Бірақ, жұдырықтай жүрегі қазақ деп соққан чемпион біздің жүрегімізде мәңгіге қалатыны тағы да ақиқат.
Әсіресе, оның «Қазақ елінің абыройы үшін бәріне дайынмын!» деген жалынды сөздерін бір сәтке ұмыту, тіпті де, мүмкін емес.
Денис Теннің ақ Азиададағы сол жеңісінен кейін оған еліктеген талай қазақ баласы табанына коньки байлап, мұз айдындарына ағылды. Бүгінде солардың алғашқы легі халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып, «алтын ұлдың» ізін жалғап келеді.
Жүрегіміз қанжылап, аса ауыр күйзеліспен осы естелікті жазып бола бергенімізде, терезеге тырс-тырс етіп жаңбыр тамшылары тие бастады. Сәлден соң ақ жауынға ұласты.
Біздің қайғымызға табиғат та үн қатып, бірге жылағандай әсер қалдырды. Есіме Денис чемпион атанған күні жазылған өлеңнің соңғы шумағы орала кетті:
– Жеңді Денис!
Халқыма таратты құт!
Батыр ұлға жаудырды мадақты жұрт!
Қуаныштан көз жасқа ерік бердім,
Желбіреген көк туға қарап тұрып...
Бір кезде зеңбірек оғы атылғандай гүрс етіп көкте жасын ойнады. Найзағай іздері біраз жерге дейін сызылып барып, артынша ізім-қайым жоқ болды.
Даңқты спортшы Денис Тен де – жасындай жарқ еткен жарық жұлдыз болатын...
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.