Әртүрлі

Жастарға кәсіби бағдар берудің жаңа тәсілі енгізілді

Абай облысында жастарға кәсіби бағдар берудің жаңа тәсілі енгізілді, деп хабарлады  Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Осы бастаманы жүзеге асыру аясында Семей қаласындағы қауіпсіздігі аралас мекемеде тәрбие және кадр қызметінің ұйымдастыруымен жастар мен олардың ата-аналары үшін «Ашық есік күні» өтті. Іс-шара барысында қонақтарға арнайы дайындалған бағдарлама ұсынылды. Көрнекі құралдар мен бейнематериалдар арқылы қылмыстық-атқару жүйесінің қызметі және ІІМ-нің жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берілді.

Мекеменің тәрбие және кадр жұмысы бөлімінің бастығы Д. Жұмаханова қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет етудің артықшылықтарына тоқталды. Ол бұл қызметтің беделі жоғары екенін, лайықты еңбекақы төленіп, қызметкерлерге тегін нысанды киім берілетінін және әлеуметтік қолдау шараларының көлемі кең екенін атап өтті. Сонымен қатар, полиция қызметінің қоғам тыныштығын сақтау, азаматтарды қорғау сияқты зор жауапкершілікті және тәуекелді талап ететін қызмет екенін айтты.