Жасанды интеллект әкімшілік істер бойынша процестерге енгізілді
Цифрлық прогрестің жылдамдығы сот қызметіндегі өзгерістерді талап етті, деп хабарлады Elordainfo.kz Жоғарғы cоттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жақында роботтандырудың ауқымы сот істерінің ең көп массивін – әкімшілік істерді қамту үшін кеңейтілді. Яғни, ӘҚБтК-нің 610-бабында жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы қарастырылған. 2023 жылы бұл бап бойынша 129 мың материал келіп түскен. Биыл жылдың 6 айында - 83 мың материал. Іс сотқа жіберілгеннен кейін барлық жұмысқа судьялар мен сот қызметкерлері тартылды. Бұл өз кезегінде көп уақытты алады», - деп жазылған хабарламада.
Жоғарғы cоттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, роботтандыру арқылы істерді өңдеу тездетіледі.
«Енді бұрынғы 3 күннің орнына, енді бар болғаны - 10 минут уақыт кетеді. Сот актісі бірден күшіне енеді, ал бұрын 10 күн уақыт кететін. Жалпы, сот жүйесі роботтандыру осы айдан бастап, ай сайын - 1,5 мыңнан астам істі, ал республика бойынша ауқымды болса, жылына - 100 мыңнан астам істі немесе барлық істердің кем дегенде үштен бірін қамтиды деп күтілуде», - деп жазылған хабарламада.