Жамбылдық зейнеткер ауыл құртын шетелге сатып отыр
Жамбыл облысында зейнеткер ауыл құртын шетелге сатып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Atameken.business-ке сілтеме жасап.
60-тан асқан әже Қытай мен Түркияға ақ өнімнің бақандай 7 түрін әзірлейді. Қажет болса, құртқа түрлі жеміс-жидегін де қосады. Қызығы, ерек жобаға ауылдық тұрғын көк тиын да жұмсамапты.
Жер үйінің бәр бөлігін құрт цехына айналдырған зейнеткер Шәрипа Қамбарованың қолынан шыққан құрт дәмі тіл үйіреді. Әуелі көршілерге құрт сатқан. Кейін тұтас ауыл сұранысын өтепті. Бүгінгі таңда ол Қытай, Түркия, Араб елдеріне де өнімін жөнелтеді. Зейнеткер құрт келісін 5 мың теңгеге саудалайды. Ал 2 жылда 200 келі құрт сатқан.
«Оның бағасын қымбат деп санамайды. Себебі оны безендіріп, кейін вакумдық пакетке саламыз. Сыртында толық ақпарат жазылған», - деді зейнеткер.
Іс ілгерілеген соң былтыр зейнеткер қайтарымсыз грант алған. Ал 3,7 миллион теңгеге ол әуелі тоңазытқыш сатып алған. Цехта құрт құрғататын шағын жәшігі де бар.
Алдағы уақытта зейнеткер ауылдық келіншектерге жұмыс ұсынуды жоспарлап отыр.