Әртүрлі

Жамбыл облысының диқандары қарбыздың алғашқы өнімін жинап жатыр

Жамбыл облысындағы шаруа қожалықтары қарбыздың алғашқы өнімін жинап жатыр. Өңір диқандары суармалы суды уақытылы жеткізген Су ресурстары және ирригация министрлігіне, сондай-ақ «Қазсушардың» жергілікті филиалына алғыс білдіруде, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Суды уақытылы бергендіктен, қарбызымызды дер кезінде суарып үлгердік. Өнім жаман емес. Қазір Астана, Қарағанды, Алматы және басқа қалаларға өнімімізді жөнелтіп жатырмыз. Су беру мәселесін бақылауда ұстағаны үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне алғысымызды білдіреміз»,- деді диқан Талғат Тойшыбеков.

«Қарбыз ектік, жақсы өнім алдық. Су шаруашылығы мамандары мен диқандардың бірлескен жұмысының арқасында су уақытында жеткізіліп, нәтижесінде мол өнім алдық», - деп атап өтті Ерлан Қоштаев.

«Қазсушардың» Жамбыл филиалы жергілікті шаруалармен су жеткізу бойынша 3 852 келісімшарт жасасқан. Бүгінде шамамен 61 мың гектар егіс алқабы суарылып, 512 млн текше метрден астам су берілді. Бұл ретте су тек тиісті келісімшарт болған жағдайда ғана жеткізіледі.

Жамбыл облысында суару маусымы 20 күнге ерте басталды. Бұған себеп – ауа температурасының жоғары болуы және жауын-шашынның болмауы. Осыған байланысты өңірде суармалы суды әділ бөлу мақсатында егістік алқаптарды кезекпен суару ұйымдастырылып жатыр.