Жамбыл облысында алғаш рет ауыл әкімдерінің форумы өтті
AMANAT партиясы Жамбыл облыстық филиалы ауыл басшыларының басын қосып, форум ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz AMANAT партиясының ресми парақшасына сілтеме жасап.
Айтулы жиында мемлекет пен қоғам алдында тұрған, ауыл халқын толғандырып отырған өзекті де өткір мәселелер ашық талқыланып, олардың шешу жолдары қарастырылды.
Іс-шараға AMANAT партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен басқарма басқарма басшылары қатысты.
Форум ауылдық аумақтарды дамытудың, қаржылық дербестіктің және ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын іске асырудың негізгі мәселелерін талқылауға арналған алаңға айналды. Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық округтер мен аудандар әкімдерін тікелей сайлау жөніндегі бастамасы жергілікті жерлерде демократияны нығайтуға бағытталған.
«Қысқа мерзім ішінде елімізде реформалардың заңнамалық базасы әзірленді. Саяси институттар жаңарып, Мәжіліс пен мәслихаттар көппартиялы бола бастады, бірмандатты депутаттар қайта оралды. Бұл реформалар AMANAT партиясының ішкі құрылымына да ықпал етіп, партия ішкі өзгерістерге бет бұрды. Сайлаушылардың сұраныстарына басымдық беріліп, қоғамда беделді, лайықты кандидаттар ұсынылуда. Бұл қадамдар Мәжіліс, мәслихат және әкімдер сайлауларында халықтың сеніміне ие болуға мүмкіндік беруде. Сондықтан, «AMANAT» партиясы аймақтарда ауыл әкімдерінің форумдарын өткізіп, жүйелі жұмыстар атқарып келеді», – деп атап өтті Ержан Жылқыбаев.