Жұмыссыз жүргендердің саны азаяр емес – депутат
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Самат Мұсабаев Мемлекет басшысының тапсырмалары мірдің оғындай уақтылы әрі бұлжытпай орындалуы керек екенін айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өңіріне арнайы бірнеше рет барып, қордаланған мәселелер бойынша нақты, һәм маңызды іс-шаралар жоспарын бекітті.Оның ішінде, өңірге маңызды 34 қажетті тапсырмалар берілді. Бүгінде, сол тапсырмалардың көбі орындалмай отыр. Осы сауалды дайындар алдында мемлекеттік органдармен Президенттің берген тапсырмаларын бір пысықтадық. Әзірше, 34 қажетті шараның, тек 5-еуі ғана іске асып келеді. 29 іс-шара сол бойы тоқтап тұр, - деді ол.
Халық қалаулысы қордаланған мәселелерге жеке-жеке тоқталды.
Атап айтсақ, тоқтаған іс-шаралар тізбегінде жол мәселесі: Ақтау – Форт-Шевченко, Таушық - Шетпе жол торабтарын салу, елді ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша: Құйылыс-Ақтау су желісімен қамтамасыз ету, туризм мәселесін дамыту бойынша: Каспийдің жағасын дамыту, ел саулығын сақтау үшін: Қошқар Ата территориясындағы улы заттарды көму сияқты өңір тұрғындары үшін маңызды тармақтар бар, - деді депутат.
Самат Мұсабаевтың айтуынша, құрылыс және өнеркәсіп министрлігіне берілген 6 тапсырма, Самұрық-Қазынаға тиесілі 3 тапсырма, Бәйтерекке берілген бір тапсырма, Ұлттық экономика министрлігіндегі 7 тапсырма, Ауылшаруашылық министрлігіне берілген 2 тапсырма орындалмаған.
Әлихан Асханұлы! Сіз 2023 жылы Маңғыстау облысына бір емес үш рет іс-сапарда болып, Президенттің тапсырмалары бойынша жиналыс өткіздіңіз. Дегенмен, біз нәтиже көрмей отырмыз. Бозащыдағы авариядан әлі сауықпадық, от болып аспанға атып тұр. Жұмыссыз безіп жүрген жерлестеріміздің саны азаяр емес. Құрметті әріптестер! Мемлекет басшысы, өз Жолдауында елдегі проблемалардың уақтылы шешілмей жатқандығын айтты. Сол Жолдауда негізгі мәселелер жол мен су екенін Президент шегелеп көрсетіп, арнайы министрліктер ашылды.Енді осы аталған мәселелерді орындауымыз қажет, - деді С.Мұсабаев.