Әртүрлі

Запасқа шығарылған ұландықтарға құрмет көрсетілді

Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің саптық алаңында белгіленген қызмет мерзімін өтеген 2-2023 шақырылым сарбаздарын запасқа шығаруға арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еліміздің әр  аймағынан келген 400-ден астам мерзімді әскери қызметшілер үйлеріне жіберіліп жатыр.

Іс-шараға бригада басшылығы, мерзімді қызмет сарбаздары және құқық қорғау органдарының ардагерлері қатысты. Рәсім барысында Отанға қызмет еткені және адалдығы үшін жылы лебіздер айтылды. Командирлер жауынгерлердің әрқайсысы қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау арқылы елдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге өз үлестерін қосқанын атап өтті.

Жауынгерлік дайындықтағы және үлгілі әскери тәртіптегі жоғары көрсеткіштері үшін қызмет барысында ерекшеленген сарбаздар грамоталармен және төсбелгілермен марапатталды, олардың ата-аналарына алғыс хаттар жіберілді. 38 сарбаз жоғары оқу орнына ақысыз негізде түсу туралы сертификаттар алды.

«Бүгін біз өз міндеттерін лайықты орындаған қарулас бауырларымызды шығарып салып отырмыз. Сіздер үлкен отбасының бір бөлігі болдыңыздар және өздеріңіз туралы тек жағымды естеліктер қалдырдыңыздар», - деп атап өтті бригада командирі полковник Марат Рахпанов.

Сарбаздар өз кезегінде командирлері мен әріптестеріне алғыс білдірді.

«Ұлттық ұландағы қызмет біз үшін сынақ қана емес, өмірдегі маңызды кезең болды. Біз елімізді қорғауға өз үлесімізді қоса алғанымызды мақтан тұтамыз, - деді қатардағы жауынгер Диас Бақытжан.

Салтанатты рәсім соңында бөлімшелер үйге қайтып бара жатқан әскери қызметшілердің алдында салтанатты шерумен өтті.