Әртүрлі

Заманауи станцияларда 10 миллион жыл ішінде бір ғана апат болуы мүмкін - Ғұмар Серғазин

Елімізде энергетикалық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ал энергияның мол көзін атом электр станцияларынсыз қалыптастыру мүмкін болмайтыны көпшілікке белгілі. Сол үшін қоғамда атом электр станциясын салу қаншалықты тиімді және қауіпсіз екені қызу талқыланып жатыр. Осы орайда елімізде атом энергетикасы саласы қалай дамуда? Қазіргі заманғы АЭС қауіпсіз бе және қаншалықты тиімді деген заңды сұрақ туындайды. Elordainfo.kz тілшісінің осы же өзге де сұрақтарына Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Ғұмар Серғазин жауап берді.

–  Ғұмар Екпінұлы, елімізде атом энергетика саласы қалай дамып жатыр?

– Қазақстанда АЭС салу мәселесі көптеген жылдар бойы талқыланып келеді. АЭС орналастыруды таңдау және реакторлық технологияларды талдау бойынша зерттеулер жүргізілді. 2019 жылы маркетингтік зерттеулер жүргізілді. Яғни Қытайдың CNNC, Ресейдің Росатом, Оңтүстік Кореяның KHNP және Францияның EDF сияқты атом технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшылардан техникалық-коммерциялық ұсыныстар жиналды. Елімізде атом технологиялары саласындағы зерттеулер мен әзірлемелермен айналысатын Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтын қоса алғанда, дамыған ғылыми-техникалық база бар. Бұл Қазақстанды өзінің атом энергетикасын дамытуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, 2023 жылы АЭХА-ның екі миссиясы өтті. Миссияның қорытындысы бойынша сарапшылар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында ұлттық инфрақұрылымды дамытуда елеулі ілгерілеушілікті атап өтті. Сонымен қатар, қолда бар деректер мен зерттеу мазмұны негізінде мамандар Балқаш көлінің жанында атом электр станциясының құрылысына кедергі келтіретін факторлар жоқ екенін растады.

– Қазіргі заманғы атом электр станциялары қаншалықты қауіпсіз?

– Қазақстанда қауіпсіздіктің барлық талаптарына жауап беретін жаңа буын III немесе III + атом электр станцияларын салу мүмкіндігі қарастырылуда. Мысалы, Чернобыль атом электр станциясы 1977 жылы, ал Фукусима атом электр станциясы 1971 жылы салынды. Олардың қазіргі заманғы реакторлармен салыстырғанда қауіпсіздігі әлдеқайда төмен болды. Жаңа буын реакторларының басты ерекшелігі - станцияны сыртқы және ішкі әсерлерге барынша төзімді ететін белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің бірегей үйлесімі. Қазіргі заманғы станцияларда ауыр апаттың ықтималдығы жылына 10-7 оқиғадан аз, яғни 10 миллион жыл ішінде бір ғана апат болуы мүмкін, оның өзінде бұл жай ғана ықтимал болжам.

– Елімізді электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін АЭС салу керек пе?

– Қазақстанда жұмыс істеп тұрған Жылу электр орталығы, Гидроэлектростанция және Жаңартылатын энергия көздері болғанына қарамастан, елдің энергетикалық жүйесі қазірдің өзінде электр энергиясының тапшылығына әкеліп отыр. Ол болжам бойынша тек ұлғая бермек. АЭС салу жобасын іске асыру көміртегі шығарындыларынсыз электр энергиясын тұрақты және болжамды генерациялауды қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды шешім болады. Бүгінде «таза» энергия көздеріне жататын энергияның базалық көзі ретінде қуаты 2400-2800 МВт атом электр станциясының құрылысы қарастырылуда. Алматы облысы Үлкен ауылы маңында атом электр станциясын салу оңтүстік өңірлердің энергия қауіпсіздігі мәселелерін шешуге мүмкіндік беріп, өнеркәсіпті дамытуға серпін береді.

– АЭС салу идеясы қаншалықты тиімді?

– Қазақстанда АЭС салудың тиімділігіне бірнеше себепті атап көрсетуге болады. Біріншіден, атом электр станциясы тұрақты және сенімді энергиямен қамтамасыз етеді. Бұл негізгі генерация үшін өте маңызды, өйткені ол ауа-райына тәуелді емес және жаңартылатын энергия көздерінен айырмашылығы тәулік бойы жұмыс істей алады.

Екіншіден, АЭС электр энергиясының ағымдағы және болжамды тапшылығын өтеуге көмектеседі. Бұл энергия импортына тәуелділікті азайтады және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қолдайды.

Үшіншіден, атом энергетикасы Қазақстанға көміртегі шығарындыларын қысқарту жөніндегі жаһандық экологиялық күн тәртібін ұстануға мүмкіндік береді. Бұл 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығы жөніндегі халықаралық міндеттемелер жағдайында маңызды.

Сонымен қатар атом электр станциясының құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашады. Экономиканың жоғары технологиялық секторларына инвестициялар тартады, ғылыми зерттеулер мен технологиялар деңгейін арттырады. Бұл жалпы экономикалық өсуге және тұрақты дамуға ықпал етеді.

– Егер елімізде АЭС салынатын болса, экология және қауіпсіздік мәселелері ескеріле ме?

– Қазақстанда құрылыс үшін қарастырылатын барлық реакторлар екі тізбекті болып табылады. Онда бірінші тізбекте су айналып, белсенді аймаққа тікелей тиіп тұрады. Бірінші контурдағы судың жылуы екінші контурдағы суға жылу алмастырғыштар арқылы онымен байланыссыз беріледі. Бұл жағдайда реактордың екінші тізбегінде өндірілген бу турбинаны қозғалысқа келтіреді. Осыған байланысты су қоймасы реактордың салқындату тізбектерімен тікелей байланысты емес және пайдаланылған су реакторды салқындату үшін көлге қайта төгілмейді.

Сонымен қатар, атом электр станциясы Балқаш көлінің жағасында орналасқан жағдайда судың қайтымсыз шығыны көл бетінен судың табиғи булануынан болатын шығындармен салыстырғанда әлдеқайда төмен болады. Вендорлар ұсынған деректерге сәйкес, екі блокты атом электр станциясын пайдаланудан судың қайтарымсыз шығыны (булануы) жылына шамамен 63 млн.м3 құрайды, бұл барлық көлдердің булануының 0,32% - на тең. Балқаш көлінің жалпы көлемі - 108,3 млрд. м3 құрайды, бұл атом электр станциясын салқындату үшін қажетті көлемнен едәуір көп. Сондықтан атом электр станциясы Балқаш көліне айтарлықтай әсер етпейді.

 – Әлемде қай елдің атом энергетикалық станциясы қауіпсіз деп саналады?

– Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея және Франция сияқты ынтымақтастық үшін қарастырылатын елдердің арасында қауіпсіздік стандарттары жоғары. Қазіргі заманғы атом электр станциялары ең қауіпсіз болып саналады, мысалы, ВВЭР-1200 (Ресей), EPR1200 (Франция), Hpr1000 (Қытай), және APR-1400 (Оңтүстік Корея), олар оң жұмыс тәжірибесі бар және барлық заманауи қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді.

– Ал атом электр станциясын салу, оны дұрыс пайдалану үшін мамандар жеткілікті ме?

– Жалпы әлемдік тәжірибеге сәйкес, орта есеппен АЭС пайдалану кезеңінде жоғары және орта арнаулы білімі бар шамамен 2000 адам қажет. Бұл ретте, ядролық мамандықтар бойынша білімі бар станция қызметкерлері АЭС өнеркәсіптік-өндірістік персоналының шамамен 20 пайызын құрайды. Атом саласында кадрлар даярлау елеміздегі 6 университетте оқытылады.  «Ядролық физика», «Теориялық ядролық физика», «Ядролық физика және атом энергетикасы», «Ядролық инженерия», «Атом электр станциялары мен қондырғылары» білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар 2023-2024 жылдар аралығында шамамен 250 адамды құрайды. Білім алушылар «Үлбі металлургия зауыты» АҚ (ҮМЗ) («Қазатомөнеркәсіп «ҰАК» АҚ), Ядролық физика институты (Алматы қ.), Ұлттық ядролық орталық (Курчатов қ.) сияқты кәсіпорындарда, сондай-ақ металлургия саласы мен ғылыми-зерттеу кәсіпорындарындағы алған білімдерінің әмбебаптығына байланысты зертханада практикадан өтеді.

– Егер рефрендум нәтижесі оң болса, АЭС қай өңірде салынады? Орынды таңдағанда қандай жағдайға назар аудару керек?

– 2013 жылы ведомствоаралық комиссия мен жұмыс тобы құрылды.  Олар АЭС-тің бірнеше ықтимал орналасу орындарын мұқият және жан-жақты зерделегеннен кейін екі аудан ұсынды: Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласы және Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы.

Екі ауданда да бейінді мамандарды тарта отырып, алдын ала зерттеулер жүргізілді. Тарихи және ғылыми құжаттар зерделенді, олар екі алаңның да атом электр станцияларын салуға жарамдылығын растады.

Мемлекет басшысының Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында реакторлық технологияларды таңдау бойынша бұрын жүргізілген зерттеулерді өзектендіру, блоктардың бірлік қуатын және АЭС салу ауданын айқындау бойынша жұмыс жүргізілді.

Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша қауіпсіздіктің барлық қажетті аспектілерін және табиғи-климаттық факторларды, сондай-ақ бірінші кезекте елдің оңтүстігінде электр энергиясының болжамды тапшылығын ескере отырып, станцияның қуаты 2800 МВт дейінгі АЭС құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылы ұсынылды.

– Қазақстанның атом электр станцияларын салу мүмкіндігі әлемнің көптеген елдеріне қарағанда өте жоғары деп айтылып жүр. Бұл қаншалықты дұрыс пайым?

– Қазақстан өзінің ауқымды уран базасының, ядролық өнеркәсіптің жақсы дамыған инфрақұрылымының және АЭХА сияқты халықаралық ұйымдардың қолдауының арқасында АЭС-ті табысты салуға жоғары мүмкіндікке ие. Елдің ядролық технологиялармен жұмыс істеу тәжірибесі және атом энергетикасында заманауи шешімдерді әзірлеу және енгізу үшін ғылыми базасы бар.

– Қазақстан АЭС салатын елге тәуелді болып қалмай ма?

– Қазақстан АЭС үшін технологияларды жеткізуші елге тәуелді болып қалмайды, өйткені Қазақстанда АЭС салу жобасы тек коммерциялық болып табылады және елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Біз осы жобаны іске асыру үшін серіктес таңдау процесінде экономикалық негіздеме, технологиялық сенімділік, экологиялық қауіпсіздік және халықаралық стандарттарға сәйкестік сияқты факторларды ескеретінімізді атап өткім келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет!