«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету жөнінде жаңа кеңсе құрылады
Президент тапсырмасына сәйкес прокуратура органдарында азаматтардың құқықтарын қорғау және құқықтық тәртіпті нығайту бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов хабарлады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Берік Асыловтың айтуынша, қазір Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетті болжамды-талдамалық орталық ретінде қайта құру жұмыстары жүргізіліп келеді.
«Жиналған мәліметтерді, жасанды интеллектті және талдамалық құралдарды біріктіру арқылы құқықтық тәртіпті басқарудың жаңа жүйесі қалыптасады. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету жөніндегі Жобалық кеңсе құрылады. Оның негізгі мақсаты – азаматтық қоғам мен құқық қорғау құрылымдарының өзара іс-қимылын күшейтіп, қоғамда құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру. Республика бойынша құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және азаматтардың цифрлық қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған акциялар өткізіліп жатыр. Әсіресе интернет-алаяқтықпен күреске ерекше назар аударылған», - деп жазды Б.Асылов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бас прокурордың мәліметінше, кейбір өңірде ауыл тұрғындары өз еркімен алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан, бұл шешім қылмыстың азаюына оң әсер еткен. Сондай-ақ заң бұзушылық туралы хабарлап, құқықтық мәдениетті нығайтуға үлес қосқан азаматтарды ынталандыру жүйесі әзірленіп жатыр.
Берік Асылов елдегі қылмыс деңгейінің тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын атап өтті.
«2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 98,5 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,7%-ға аз. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстар, ұрлық, тонау және қарақшылық фактілері айтарлықтай қысқарған», - деді ол.
Бас прокурордың айтуынша, бұл оң өзгерістерге жүйелі профилактика, құқық қорғау саласындағы цифрландыру және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру айтарлықтай үлес қосқан.