Әртүрлі

Қылмыстық қудалау органдарының 11 қызметкеріне қатысты іс сотқа жолданды

Астана қаласының Коммуникациялар қызметі алаңында прокуратура органдарының азаматтардың құқықтары қорғау бойынша атқарған жұмыстары туралы брифинг өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына елімізде азаптаулар мен қатыгез қарым-қатынастарды толығымен жою, нөлдік төзімділік қағидатын ұстану туралы тапсырма қойған болатын. Осы мақсатта 2023 жылдың қаңтарынан бастап азаптау істері бойынша тергеуді тек прокурорлар жүргізеді.

«Қалалық прокуратура бұл санаттағы істерді тергеп-тексеруді бастағалы бері сотқа қылмыстық қудалау органдарының 11 қызметкеріне қатысты 4 іс жолдады: 1 іс сотта қаралуда, ал қалған істер бойынша айыптау үкімдері шығарылды.

Аталған азаптаулардың алдын алу жұмыстарының қорытындысы бойынша өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда оң үрдіс байқалады», - деді Астана қаласы прокурорының көмекшісі Аян Нұрман.

Оның айтуынша, азаптауды қолданудың даусыз дәлелдерінің бірі - әкімшілік ғимараттардағы бейнебақылау камераларына тіркелген бейнежазбалар.

Қазіргі таңда құқық қорғау органдарының әкімшілік ғимараттарының барлық камералар ЖБО және «Сергек» арқылы қалалық прокуратураға біріктіріліп, оларға күн сайын мониторинг жүргізіледі.

Қала прокуратурасы тергеу органдарымен тұрақты түрде қосымша камералар орнату және оларды аудиожазба функцияларымен қамтамасыз ету арқылы «Көрінбейтін аймақтарды» жою жұмыстарын жүргізуде.

«Қызметкерлер асығыс әрекет жасаған кезде азаптауды қолданудың салдарын ескеруі керек. Қылмыстық кодексте 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік қарастырылған», - деді спикер.