Әртүрлі

Въетнамда демалғысы келген астаналықтар алаяққа алданды

Астаналық полицияға қала тұрғындары шет елге жалған билет сатты деген айыппен арыз түсірген, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Күдіктінің жәбірленушілерге арзан бағада Вьетнамға әуе билеттерін сату жөнінде ұсыныс білдіргені мәлім болды. Елорда тұрғындары билеттердің бағасын онлайн төлеммен жіберген. Төлемді алған соң, ол жәбірленушілерге жалған билеттің электрондық нұсқасын жіберген. Ұшатын күні әуежайда жәбірленушілер алданғандарын түсініп, сан соғып қалған.

Нұра ауданының Криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде алаяқтық жасаған 33 жастағы күдіктіні анықтап, қолға түсірді.

«Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу кезінде күдіктінің тағы 70 осыған ұқсас қылмысқа, соның ішінде Алматы қаласындағы қылмысқа да қатыстылығы анықталды», - делінген хабарламада.

Осылайша жалпы 20 млн теңгеге жуық шығын келтірген. Күдікті алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.

Қылмыскер Уақытша ұстау изоляторына қамалды.