Әртүрлі

TurkicSkills-2025: Маңғыстаулық педагог қазақтың ірімшігінен балмұздақ жасап ұсынды

TurkicSkills-2025 чемпионаты аясында өткен халықаралық «Caspian» фестивалінің көрмесінде Маңғыстау туризм колледжінің өндірістік оқу шебері Нұрай Еламан өз авторлық тағамын таныстырды, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұрай Еламанның ірімшік негізінде дайындалған ерекше балмұздағы бүгінде сұранысқа ие өнімге айналып отыр. Ұлттық дәстүр мен заманауи технологияны ұштастырған бұл десерт көрме қонақтарының зор қызығушылығын тудырған.

«TurkicSkills-2025 техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі қатысушылары үшін зор мүмкіндік алаңына айналды. Мұнда қатысушылар өздерінің үздік жобалары мен жетістіктерін таныстырып қана қоймай, тәжірибе және білім алмасуға да бірегей мүмкіндік алды», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымова.

Көрме аясында Маңғыстау өңірінің гастрономиялық ерекшеліктері, шұбаттан жасалған коктейльдер, жантақпен қайнатылған шай, талқаннан жасалған макарон өнімдері, құрт пен шоколадтың үйлесімі, жент қосылған тәттілер, түйе сүтінен дайындалған балмұздақ, сары қант сияқты ұлттық тағамдардың заманауи интерпретациялары кеңінен ұсынылды. Сондай-ақ көрмеде туризм саласындағы студенттердің стартап жобалары да таныстырылды.

Айта кетсек, кәсіби шеберлікке арналған халықаралық TurkicSkills-2025 чемпионаты Ақтау қаласында өтіп жатыр. Іс-шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған. Чемпионатқа 16 мен 22 жас аралығындағы 70-ке жуық студент пен жас маман, сондай-ақ Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Венгрия, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен келген 90-ға жуық жоғары білікті сарапшы қатысуда.